Жас чемпиондар Металлургтер стадионында жаттығып жүр

11

6 жыл бұрын қирандыға айналуға шақ қалған Металлургтер стадионыныда қазір спорттың 7 түрінен секция ашылған. Соның бірі күрес пен бокстан Олимпиада резервін дайындау орталығы. Қазір мұнда жас чемпиондар дайындалып жатыр.

ММА-ден жасөспірімдер арасында 2 дүркін Қазақстан чемпионы Айдемир Төлепов спортшылар отбасында дүниеге келген. Сондықтан әкесі баласын ерте жастан спортқа баулыпты. Ал оның еркін күреске келгеніне 1 жылдан асқан. Әке жолын туған Айдемир Олимпиадада алтын тұғырдан көрінуді армандайды.

Айдемир Төлепов, спорт шеберіне үміткер: «Спортта тәрбие болмаса, нәтиже болмайды. Мен қала чемпионы болдым. Қазақстан чемпионы әлі болмадым. Алла қаласа, Олимпиада чемпионы атанамын. Әкем қол күресінен Қазақстан чемпионы, Азия, Әлем чемпионы атанған. Әкеме қарап мен де өсіп келемін. Биік белестерді бағындырамын»

10 жылдық тәжірибесі бар жаттықтырушы Бекжан Төлегенов жаңа спорт залына келіп тынысымыз ашылды дейді. Айтуынша бұған дейін 20 шақты баланы еркін күреске баулыса, қазір 100-ге тарта жасөспірімді шынықтырады. Оның үстіне металлургтер стадионы маңында бұрын спорт үйірмесі болмаған. Сондықтан мұнда келушілер саны артыпты.

Бекжан Төлегенов жаттықтырушы: «Ата-аналар келіп балаларын бізге тапсырып жатыр. 5 жастаға баласын да алып келіп, берсек бола ма деп сұрап жатқандары бар. Өйткені мұнда спортпен айналысатын орын болмаған. Негізі 10 жастан бастап қабылдаймыз. Алайда ата-аналардың сұранысы бойынша 7 жастан бастап қабылдап жатырмыз. Балалардың әрқайысы жеке тұлға. Әрқайсысының психологиясы, ой-өрісі әртүрлі. Бізде командамен жұмыс деген жоқ. Жеке-жеке баланың мінез-құлқын қарап аламыз. Содан соң барып жұмыс істей аламыз»

Қазір мұнда білікті жаттықтырушылар спорттың 7 түрінен жастар мен жасөспірімдерді салауатты өмір салтына баулиды. Соның бірі күрес пен бокстан Олимпиада резервін даярлау орталығы. Онда 300-ден аса спортшы тіркелген.

Бауыржан Алтынбеков, Олимпиада резервін даярлау орталығының директор орынбасары: «Олимпиада резервін дайындау орталығында 16 спорт түрі бар. Оның ішінде осы жерде бокс пен күрестің 3 түрі бар. Олар дзюдо, еркін күрес, грек рим күресі. Азия ойындарында біздің шәкірттеріміз 9 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 2 алтын, 2 күміс, 5 қола бар».

Айта кетейік, Металлургтер стадионы қайта жөндеуден кейін 1 маусым күні ел игілігіне берілді. Спорттық нысан 1500 адамға шақталған.