Әлеуметтік желіде ақ жаулықты әжейді ұзату рәсімінің видеосы тарап кетті. Автордың жазуынша, өз теңін тапқан кейуананың жасы 60-та.
Бейнежабадан ұзату рәсімі үйде өткенін байқауға болады. Қолына бір шоқ гүлді ұстаған әжей мен қария ақ түсті мата үстімен жүріп өтеді. Олардың соңынан туыстары еріп, жөн-жоралғыларды жасайды.
«Әжеміздің ұзату тойы. 60-тағы апамызды ұзаттық. Енді алып келген қалың малына артынан киім алып барамыз»,-деп жазды автор.
Видеоны көрген желі қолданушылары бір-бірін тауып, шаңырақ көтеруге шешім қабылдаған қария мен әжейге бақыт тіледі. Ал енді бұл ұзату рәсімі емес, ерлі-зайыптылардың алтын тойы болуы мүмкін деп болжады. Дегенмен пікір білдіргендердің бірі бұл салтанатты шара расымен ұзату тойы екенін алға тартқан.
«Ата-әжелер де бақытты болуға лайықты. Бақытты болыңыздар», «Өте әдемі жұп», «Дұрыс. Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан», «Апамыз ажарлы екен. Қалған өмірін бір-біріне серік боп, сыйластықпен өткізсін», «Бақытты болсын! Қол ұстасып, жұбыңмен жүруге не жетсін», «Дұрыс жасаған! 60-тан асқан адамға қасына серік керек. Мен қолдаймын», «Бұл – өмір. Атаның қасында көңіл бөліп, шәй беретін әйелі болғаны дұрыс. Бақытты болып, ұзақ ғұмыр кешсін» деп жазды желі қолданушылары.
Желіде тараған ақпаратқа сенсек, бұл Түркістан облысы, Түлкібас ауданында өткен ұзату рәсімі екен.