Әлем чемпиондары елге оралды

31

Әлем чемпиондары елге оралды. 26-31 қазан аралығында Грузияның Тбилиси қаласында әмбебап жекпе -жектен өткен Әлем чемпионатында жүлделі 1,3 орындарға ие болған ағайынды Ерсұлтан мен Нұрсұлтан Ертарғынды жерлестері ерекше құрметпен күтіп алды. Тынымсыз еңбек, тыңғылықты жаттығудың арқасында үлкен жетістікке жеткен жерлестеріміз, бәсекенің тартысты болғанын айтады.

Шымкент әуежайында Тбилисиде өткен әмбебап жекпе -жектен әлем чемпионатының жеңімпаздарын жерлестері салтанатты түрде күтіп алды. Ағайынды Нұрсұлтан мен Ерсұлтан Ертарғынды жемісті жеңісімен құттықтап, қуанышымен ортақтасуға отбасы мен туыстары, қала тұрғындары келді.

Егіз спортшылардың үлкені Нұрсұлтан, доданың тартысты әрі қарсыластарының дайындық деңгейі жоғары болғанын айтады. Ол финалда бірнеше елдің спортшысынан басым түсіп, алтыннан алқа тағынған.

Нұрсұлтан Ертарғын, Әлем чемпионы: «Елдің намысын қорғағанға қуаныштымын. Енді үлкен ареналарға шығу, автогондарға шығу көзделуде. Мен дзюдоға 7 жыл қатысқам, содан осы спортқа келдім».

Ал жекпе-жектің күрес түрінен керемет нәтиже көрсеткен Ерсұлтан Ертарғын әлем чемпионатында жүлделі үшінші орынды қанжығаға байлады. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған спортшы, Түркия, Украина, Әзірбайжаннан келген мықтылармен белдескен.

Ерсұлтан Ертарғын, Әлем чемпионатының қола жүлдегері: «Ойын күшті өтті.  Қарсыласым әзірбайжан, Украина, Түркия азаматтары болды»

Әлем чемпионатында үздік ойын өрнегін көрсеткен бауырлар Шымкент қалалық №8 қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығады.

Мерей Зият, Шымкент қалалық №8 Қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы:  «Қазіргі таңдағы алғашқы чемпиондарым, өзім жаттықтырушы болып жасап жатқаныма 6 жыл болды. Алла бұйыртса жұмыс жасаймыз. Үлкен ареналарға жұмыс жасаймыз. Алда әлемнің 3,4 дүркін чемпионы болуға жұмыс жасаймыз. Тынбай еңбек етсек, Алла бұйыртса барлығы болады».

Қазақстан атын әлем алдында асқақтатқан қос спортшыны мәпелеп өсіріп отырған отбасының қуанышында шек жоқ. Чемпиондардың атасы, Ертарғын Орынбаев балалардың жеңісін естігелі ерекше сезімде жүрмін дейді.

Ертарғын Орынбаев, атасы: «Қатты қуанып жүрмін, Құдайға шүкір, бір Алланың күші барлығы. Немерелерім Қазақстанның жалауын Әлемге желбірете берсін».

Жандарбек Орынбаев, әкесі: «14 жасында бұлай чемпион болу әркімге бұйырмайды. Әр қазағыма бұйырсын осындай. Біздің, еліміздің мақтанышы болсын».

Әлем чемпионатында жүлдегер атанып, көк туымызды көкте желбіреткен ағайындылар қаламыздағы Seitzhan school мектебінде 9 сыныпта оқиды. Директордың айтуынша мектепте балаларға білім алумен қатар спорттың көптеген түрін меңгеруге барлық мүмкіндік қарастырылған.

Нұрболат Базарбаев, Seitzhan school мектебінің директоры: «Бүгін Seitzhan school  мектебінің оқушылары Ерсұлтан мен Нұрсұлтан халықаралық додада топ жарып келе жатыр. Үлкен бәйгелерге қатысып жүр. Біздің мектеп білім мен тәрбиеге ғана емес, осындай жас өрендердің спорттық, өнер жағынан жол ашатын ұйымдарымыз бар. Секцияларымыз бар. Міне бүгін балалардың жемісін көріп отырмыз».

Айта кетейік, 26-31 қазан аралығында Грузияның Тбилиси қаласында, спорттың әмбебап жекпе -жек түрінен өткен әлем чемпионатына Қазақстан құрамасынан 47 спортшы қатысты.