«Мамасының баласы» болғандықтан ажырастым…

632

«Мамасының баласы болғандықтан ажырастым.»  Қазір қоғамда осы уәжді айтатын әйелдер саны артты. Отбасындағы кикілжіңге, жастардың ажырасуына шынымен тек ене кінәлі ме? Бұл туралы психологтар не дейді? 

Иә, бұл, қазіргі қоғамдағы біраз қыз-келіншектің басындағы жағдай десек артық айтқандық емес. Өзектілігі сол, елімізде дәл осындай себеппен ажырасып, шаңырағы ортасына түсіп жатқан отбасылар қатары көбейіп келеді.  Солардың бірі — Назым. Ол күйеуі өздігінен ештеңе шеше алмайтынын, кез келген жағдайда, тіпті айтуға тұрмайтын ұсақ-түйекке дейін анасына жүгініп отыратынын алға тартты. «Мені зат секілді көрді» деген ол сол себептен ажырасып кеткенін айтты.

«2021 жылы шыққан едім тұрмысқа. Әрине, басында бәрі жақсы болды. Дегенмен уақыт өте келе барлық нәрсеге бұрыңғы енем араласып, ортамызға түсе берді. Кез келген нәрсе оның айтқанынсыз шешілмейтін болды. Менің бұрыңғы күйеуім де тек анасының айтқанын тыңдайды. Өзі ешқандай шешім қабылдамайды. Менің пікірімді тыңдамайды. Оған анасының айтқаны заң, өзінің пікірі жоқ. Тіпті өзінің анасына “сіз қашан пайдаланып боласыз, содан кейін маған берсеңіз болады” деген сияқты әңгіме айтқан»,- дейді Назым (есімі өзгертілген).

Ал осыдан үш жыл бұрын тұрмысқа шыққа Динара Оразбекова жаңа түскен жас келінге ененің қолдауы керек деп отыр. Жолдасының анасын өз анасындай көретін ол бүгінде ата-енесімен бірге тату-тәтті өмір сүріп жатыр. «Енелердің жаманы жоқ» деген жас келін  екінші анасының өзіне көмектесіп тұратынын айтады.

«Тұрмысқа шыққаныма үш жол болды. Ата-енемізбен тұрамыз. Бізде бәрі жақсы. Бір-бірімізге көмектесеміз. Бала қарауға көмектеседі. Енелердің жаманы жоқ, бәрі жақсы»,-дейді Шымкент қаласының тұрғыны Динара ОРАЗБЕКОВА.

Дегенмен психолог Жанат Атаева бүгінгі таңда «мамасының балалары» көбейгенін жасырмайды. Маман кез-келген отбасы мүшелері өз ойын ашық жеткізіп, дұрыс қарым-қатынас құруға мүдделі болуы керек деп отыр.

«Қаншалықты жақсы көреміз ғой балдарымызды. Бірақ үлкейген кезде, өскен кезде “біреудің күйеуін” жақсы көру деген нәрсе. Яғни, өзіңнің ұлың біреудің күйеуі болады ғой. Яғни, сол сөз өзіме қатты әсер етті. Оның да өзінің құқығы бар. Менің балам болған күннің өзінде де, оның өзінің баласы бар, әйелі бар, ол ары қарай да өзі өмірін сүруі керек. Өзінің құқығы бар. Мен ойлаймын сау қарым-қатынас болуы үшін ене де, келін де, бала да өзінің ашық ойын айтып, экологияны сақтаса. Экологиялық деген терминде зиянсыз қарым-қатынасты құрса»,-дейді психолог Жанат АТАЕВА.

Аталған мәселеде қоғам пікірі екіге бөлінді. Бірі ер азамат отбасылық өмірде өзі шешім қабылдауы керек десе, енді бірі өмір сыйлаған ананың айтқанын бір сәт тыңдағанда тұрған ештеме жоқ деп есептейді.

«Мамасын да ойлау керек шығар енді. Дүниеге әкелген анасы ғой. Көбісі енді әке-шешем деп өмір сүреді ғой. Әке-шешесі болмаса ештеңке болмайды деп ойлаймын…

Қазір мамасының балдары көп қой. Анасының сөзінен шыға алмайтын ер азаматтар өте көп. Солардың қаражатына өмір сүретін ер азаматтар да бар. Соның кесірінен де болады, көп ер азаматтардың ата-аналары жас жұбайлардың ортасына түсіп жатады…

Екі жақ бөлек тұру керек шығар. Сонда ажырасу аз болады деп ойлаймын»,-дейді сауалымызға жауап берген қала тұрғындары.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы елімізде 44 517 отбасы ажырасуға арыз берген.  Ал биыл бұл көрсеткіш бірнеше есеге төмендеген. Яғни, ағымдағы жылы Қазақстанда 12 436 отбасы ажырасуға бел буған.

Автор: Лаура Бабас