Сарыағаш халқы сот шешімін апталап күтіп отырған өзбекстандықтарға ас таратты

661

Сарыағаш халқы сот шешімін апталап күтіп отырған өзбекстандық азаматтарға ас берді. Бұл игі іске ауданның белсенді азаматтары бастамашы болған.

https://youtu.be/NFZV-sJ5NXs

Шетелдіктерге палау басып, ыстық тағам әзірлеген аспаз Айсапар Каримнің айтуынша, сауапты іс жергілікті Ғани есімді белсенді әрі блогердің идеясы болыпты. Аспазбен бірге тағы төрт жігіт ақылдаса келе, өзбекстандықтарға ас таратқан. Бұл сәттің видеосын жергілікті Ғани есімді белсенді желі парақшасында жариялады.

Шетелдіктер Қазақстанға еңбек ету үшін келіп, бұл елде жүру мерзімі өтіп кеткендіктен өздеріне тиісті сот шешімін күтіп отырғандар. Оларға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Шетелдіктің не азаматтығы жоқ адамның Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзу» бабымен (517-бап) айып тағылып отыр.

«Біз жексенбі күні 200-ден астам адамға ас бердік. Ол жерде бес жүздей шетелдік болды. Шыны керек, біз адам саны мұнша көп болады деп ойламадық. Алдағы уақытта осы игі істі қайта жасауды жоспарлап отырмыз. Себебі біздің естуімізше, Қазақстанға еңбек етуге келіп, елде жүру мерзімі өтіп кеткен өзбекстандықтар саны көп болғандықтан сот отырыстары қаңтарға дейін жалғасады екен»,-деді аспаз.

Айсапар Каримнің мәліметінше, өзбекстандықтардың арасында әйел азаматтары да бар. Өзі олардың біразымен тілдесіпті.

«10 шақты әйелмен сөйлестім. Олар өз кінәларын, Қазақстан заңын бұзғандарын мойындап отыр. Сот шешімін күтіп отырғандардың барлығы өзбекстандықтар деп естідім. Біз ас таратқанда олар баталарын беріп, қазақ халқына алғыстарын жаудырды. Негізі өзім жұмысшы азаматтарға ыстық тамақ таратуды бұған дейін де жасап келемін. Мәселен, ауданның тазалығына жауапты тазалықшыларға арнап тағам дайындап, ас беруді дәстүрге айналдырғанмын»,-деді Айсапар Карим.

Еске салсақ, өткен аптада Сарыағаш аудандық сот ғимараты алдында бірнеше жүздеген өзбекстандық наразылық білдірген еді. Айтуларынша, сот отырысын бірнеше күннен бері күтіп жүрген олардың кейбірінің жатар жер былай тұрсын, ас-ауқатқа ақшасы қалмаған. Ал аудандық соттағылар шетелдіктерге қатысты істің көп келіп түсуіне байланысты оларды қарап үлгермей жатыр екен.