Шымкентте күн сайын 11 мыңнан астам бала спортпен айналысады. Бұл туралы қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шамшиева мәлім етті.
Қаланың бас ұстазының айтуынша, білім басқармасына қарасты білім беру мекемелерінде «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында 7 жоба жүзеге асырылуда. Тәрбие бағытындағы «Ұрпаққа аманат», «Ұлттық мектеп лигасы», «Төрт тоқсан — төрт өнер», «Тоғыз ай, тоғыз іс-шара», «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Еңбегі адал жас өркен», «Оқуға құштар мектеп» атты жобалар өз нәтижелерін беруде. Басқармаға қарасты білім беру мекемелерінде 159 спорт зал, 154 спорттық алаң оның ішіндегі 105 қазіргі заманауи алаңшаларында бір күнде 11550 оқушы спортпен айналысуда.
Спикердің мәліметінше, 1600-ден астам дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің жұмылдырылуымен қосымша үйірме жұмыс есебінде волейбол, баскетбол, футбол, баскетбол, гандбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, таеквандо, каратэ-до, қазақша күрес, асық ату, бес асық, футзал, жеңіл атлетика гимнастика және т.б. спорт түрлері бойынша үйірме жұмыстары жүргізіледі.
Бағдарлама аясында ұлттық мұраны қастерлеуге, қазақ тілін, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, татулық, келісім,ынтымақ, отаншылдық пен мемлекетшілдікке, табиғи мұраға ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеуге аса мән берілген. Бала тәрбиесіндегі отбасы институты рөлін нығайту мақсатында білім беру ұйымдарында «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жобалары іске асырылуда.
Білім басқармасына қарасты жалпы орта білім беретін 265 білім беру мекемесінде «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығы құрылды. Білім беру ұйымдарында отбасы құндылықтарын насихаттау, ата-ана мен бала және мектеп пен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында ата-аналармен бірлескен 2869 іс-шаралар өткізілді.
«Жеткіншектің жеті жарғысы» жобасы аясында құқықтық мәдениетті қалыптастыру қолға алынған. Атап айтқанда, «Жеке қауіпсіздік», «Буллингке қарсы тұру мәдениеті» іс-шаралары атқарылуда. Білім беру ұйымдарының 85% педагог-психологтары кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылықтың, оның ішінде жәбірлеудің (буллингтің) және суицидтің алдын алу бойынша біліктілікті арттыру курсынан өткен.
Жалпы білім беру мекемелеріндегі 210 301 оқушы «Біртұтас тәрбие бағдарламасымен қамтылып отыр. Оның ішінде шығармашылық үйірмелерге – 67489 бала қатысса, спорттық бағытта — 83463; мектептен тыс мекемеге — 21334; жекеменшік мектептердегі шығармашылық үйірмеде — 3408.