Жастарға арналған жалдамалы пәтерге өтінім беру 8-10 қарашада жүргізіледі. Биыл үшінші мегаполисте сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспана 888 жасты үймен қамтуды көздеп отыр.
Бағдарламаға қатысуға 35 жасқа дейінгі, жұмыс істейтін, қалада 3 жыл тұрақты тіркелген, соңғы 5 жыл ішінде иеліктерінде мүлік тіркелмеген, ай сайынғы кіріс көзі 40 АЕК, яғни 138 мың теңгеден төмен емес азаматтар өтініш бере алады.
Жұлдызай Ордабекова, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының есепке алу және тұрғын үйлерді бөлу бөлімінің басшысы: «Былтырғы жылға дейін 29 жасқа толмаған болатын болса, биылдан бастап 35 жасқа дейін ұзартылды жастары. Бағдарлама бойынша тұрғын үйлер 3 жылға беріледі. Алдыңғы уақытта 5 жылға берілетін еді. Қазір 3 жылға қысқартылды. Яғни, бұл жастарымыз 3 жыл ішінде өзінің қаражатын жинақтап, несиелендіру жолымен тұрғын үй алуға дайындалу қажет. Соған қолдау ретінде берілетін тұрғын үй. Олардың ресми түрде жұмысы болу керек, міндетті түрде зейнетақы қорында аударылған міндеттемелерімен бірге».
2019 жылы пайда болған бағдарлама осы күнге дейін Шымкент бойынша 2061 жасты тұрғын үймен қамтыды. Негізінен аталған бағдарлама Астана, Алматы және Шымкент қаласында жүзеге асады. Осы жылдан бастап бұл баспаналардың 60 пайызы некеде тұрғандарға, ал 40 пайызы басы бос жастарға беріледі дейді мамандар. Айта кетейік, өтінім беру kezekte.kz электронды порталында жүзеге асады.
Жұлдызай Ордабекова, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының есепке алу және тұрғын үйлерді бөлу бөлімінің басшысы: «8 қараша мен 10 қараша аралығында 3 күн бойы Шымкент қаласы бойынша 888 пәтерге жастардан құжат қабылдау жүргізетін боламын. Пәтерлер Тұран -2 шағынауданында орналасқан. 1,2,3 бөлмелі пәтерлер. Бізде жалпы Шымкент қаласы бойынша 50 мыңнан аса азаматымыз тұрғын үй кезегінде тіркелген. Оның ішінде 22 мыңға жуығы 35 жасқа толмағандар».