Сот қызметкерлері сот ғимаратында 24 сағат кезекшілік етуде

31
фото trk.sud.kz

БАҚ-та Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сот ғимаратының алдына Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары жиналғаны туралы жаңалықтар жарияланады. Осыған байланысты Түркістан облыстық соты сіздердің назарларыңызға түсініктеме постын ұсынады.

Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары Қазақстан Республикасына келіп, ел аумағында тіркеусіз заңмен белгіленген мерзімнен аса жүргендері анықталды.
Мұндай құқық бұзушылық үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 517-бабының 4-бөлігінде жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түріндегі жазалар не Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкімшілік шығарып жіберу көзделген.
Қазіргі уақытта шетел азаматтарын өз елдеріне тезірек қайтару және пайда болған жүктемені азайту мақсатында судьялар мен сот қызметкерлері сот ғимаратында 24 сағат кезекшілік етіп, оған қоса көмек ретінде Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотына Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотынан 1 судья жіберілді.
Қаралған істер бойынша статистикалық деректер:
Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотында жыл басынан бастап 7 қарашаны қоса алғанда 9299 іс қаралды. Оның ішінде ӘҚБтК-нің 517 бабы бойынша 7883 іс қаралды. Осы 7883 істің 3179-ы қазан айында қаралды, ал қарашаның басынан 7 қарашаға дейін тағы 1680 іс қаралды.
Қазығұрт аудандық сотында жыл басынан 7 қараша аралығында 1294 іс қаралды. Оның ішінде ӘҚБтК – нің 517-бабы бойынша-632 іс, оның 496-сы қазан айында, 1-ші қарашадан 7 – ші қарашаға дейін-136 іс қаралды.
Келес аудандық сотында жыл басынан 7 қарашаға дейін барлығы 2145 іс қаралды. Оның ішінде ӘҚБтК – нің 517-бабы бойынша-543 іс, оның 336-і қазан айында, 1 – ші қарашадан 7-ші қарашаға дейін-207 іс қаралды.
Сондай-ақ, бүгінгі күні жағдай реттелгенін және сот штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлаймыз.