Мәйіті табылған нәрестенің анасы іздестіріліп жатыр

59

Шымкентте көпқабатты үйлердің бірінің жанына жаңа туған нәрестесін тастап кеткен әйел іздестіріліп жатыр. Сәбидің денесін өтіп бара жатқан кездейсоқ адамдар тапқан. Бірнеше күн бойы жүргізілген іздеу әлі нәтижесіз.

Көпқабатты үйдің артындағы мына қаңылтырдың үстінен осындағы тұрғындар нәрестенің денесін тауып алып, полиция шақырған. Қазір сәбидің өлімінің себебін сот-медициналық сараптама мамандары анықтап жатыр. Ал тәртіп сақшылары баланың анасын іздеуде.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, баланың денесі байланған қоқыс пакетінен табылған. Мұнда қоқысты арнайы орынға апаруға ерінетіндер, жиі тастап кетеді дейді тұрғындар. Ал бұл бейнежазбаны жергілікті тұрғындар түсірген. Ондағы кадрларда баланың жолдасымен жатқаны көрінеді, яғни нәрестені босана салып, қалдырып кеткен болуы мүмкін.

«Кішкене нәресте табылды деп естідік. Түнде тастап кеткен деп. Лақтырған емес, тастап кеткен деп естідік. Ештеңесін білмейміз. Танымаймыз», — дейді жергілікті тұрғын.

Оқиға қылмыстық кодекстің 100-бабы бойынша тіркеуге алынған. Қазір нәрестенің анасын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

“21 желтоқсанда Қаратау ауданы полиция басқармасының 102 арнасына жаңа туған баланың мәйіті табылғаны туралы хабарлама түсті. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 100-бабымен қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері кінәлі тұлғаны анықтауға бағытталған барлық қажетті іс-шараларды жүргізуде», -делінген қалалық полиция департаментінің хабарламасында.

Қоғам белсенділері елімізде нәресте бокстары қажет екенін айтады. Өйткені, жаңа туған нәрестелердің көшеде, тіпті қоқыс жәшіктерінде табылған жағдайлар жыл сайын орын алып жатады. Сондықтан, мамандардың сөзінше нәресте қораптары бірден бірнеше мәселені шешеді. Ал ең маңыздысы — баланы өлімнен, әйелді қылмыстық жауапкершіліктен құтқарады.

Тоғжан Қожанова, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық кеңес мүшесі: «Мәселен көптеген әйелдер дағдарыс орталығы, сәбилер үйі, аналар үйі секілді орталықтардың бар екендігі туралы ақпараттарды біле бермейді. Халыққа осындай мекемелердің арқасында баланың өмірін сақтап қалуға болатыныдығы жөнінде көбірек айту қажет».

Қазіргі таңда өлі табылған сәбидің анасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол табылып, кінәсі дәлелденген жағдайда 4 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.