Шымкентте 5 нысанның құрылысы бірнеше жылдан бері тұралап қалған

35

Шымкентте 5 нысанның құрылысы кешеуілдеген. Сондықтан антикорлықтар оған талдау жасап, мәселені шешуге ықпал етті. Сонымен қатар осы жылы 800-ден аса профилактикалық іс-шара өткізді. Олардың нәтижесі қандай болды?

Елімізде 156 құрылысы аяқталмаған нысанның жұмысы бақылауға алынды. Оның ішінде 5-еуі Шымкентте орналасқан. Атап айтқанда Ақжар тұрғын алабындағы қосалқы станцияның салынып бастағанына 4 жыл болған. Антикордың  ықпалымен нысан 2024 жылы пайдалануға берілетін болды.

«Мәселелі 5 құрылыс нысанының ішінде «Тұран» шағын аудандаға инженерлік инфрақұрылымның құрылысы бар. Ол тексеріс нәтижесінде келесі жылдың соңына дейін салынатын болды. Құрылысты аяқтауға қажетті құжаттар заңнамаға сәйкес қалыптқа келтірілді» — дейді ҚР СЖҚІҚА Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қалада 800-ден аса профилактикалық іс-шара өткізді. Оған 161 мыңнан астам адам қатысқан. Мамандар сыртқы талдау жұмысы көбіне жер, білім, денсаулық, құрылыс, мемлекеттік кірістер саласында жүргізілгенін айтады.

«Жыл басынан жемқорлыққа қарсы мониторинг күзет қызметі, кәсіподақ, әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу, диплом беру, мемлекеттік мүлікті сату және құрылыс-монтаждау жұмыстарын лицензиялау бағыттарында жүргізіліп, анықталған тәуекелдерді жою бойынша 33 ұсыным беріліп, 30 орындалды. Сонымен қатар, жер, білім, денсаулық, құрылыс, мемлекеттік кірістер салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп, 90 ұсыным енгізілді, оның 62-і орындалды. Ал қалған ұсыныстың әлі уақыты бар» — дейді ҚР СЖҚІҚА Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев.

Айта кетейік, биыл спорт саласында 7 қылмыс тіркелген. Бұған дейін антикордың тарапынан басқа салаларға мониторинг жүргізіліп келсе, осы айдан бастап спорт басқармасына қатысты мекемелерге талдау жүргізу жұмысы басталды.