Шымкенттегі №75 мектеп-гимназиясының 4 «В» сынып оқушылары мен олардың ата-аналары жұмыстан шығарылған сынып жетекші Макия Икматованың қайта келуін талап етіп отыр. Айтуларынша, бастауыш сынып мұғалімі білікті маман болғанына қарамастан басшылық себепсіз жұмыстан шығарған.
Осылай деген бір топ ата-ана балаларымен бірге видеоүндеу жолдады. Бейнеүндеу Instagram желісінде жарияланды.
«Балаларымыздың сынып жетекшісі Макия Икматованың әділетсіздікпен жұмыстан босатылуына ата-аналар болып қарсы шығып жатырмыз. Апайымыз өте білікті ұстаз, білімді, заман таабына сай маман. Балаларға сабақты өте жақсы түсіндіреді. Тәрбиені де жақсы береді. Сынып жетекшінің арқасында балаларымыздың білімі мен тәрбиесі де жақсы. Бір түсініспеушілік болған шығар… Бұл мәселені Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оқу-ағарту министрі өз бақылауына алып тексеруін, апайымыздың жұмысқа қайтып келуін талап етеміз. Өйткені балаларымыз сол ұстазға үйреніп қалған»,-дейді ата-аналар.
Аталған сыныпта ұлы оқитын көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегерінің айтуынша, бүгінде 8-сыныпта оқитын қызына Макия Икматова бастауышта жетекшілік еткен екен.
«Макия Икматованы мектеп директоры себепсізден себепсіз жұмыстан шығарыпты. Сондықтан мен келіп отырмын. Бұдан үлкен қызымды да осы апай оқытқан. Аллаға шүкір, білімі жақсы. Сол себептен ұлымды да осы ұстаздың сыныбына беріп едім. Балам қазір 4-сыныпта оқиды, жыл соңына дейін осы апайы сабақ берсе деймін»,-дейді көпбалалы ана.
Видеоүндеуде бастауыш оқушылары да ұстаздың қайта жұмысқа келуін сұрайды. Айтуларынша, сынып жетекші жұмыстан босатылғалы үлгерімдері төмендеп, сабақты қабылдаулары қиындай түскен.
Ал Шымкент қалалық білім басқармасының мәліметінше, педагог Макия Икматованың үстінен ата-аналар тарапынан 21-22 қараша мен 27-сінде үш рет арыз түскен екен.
«Аталған арыз мектепте Әдеп пен кәсіподақ мүшелерінің бірлескен отырысында және келісім комиссия мүшелері мен Макия Икматованың қатысуымен қаралған. Нәтижесінде мектеп директорының 1 желтоқсандағы бұйрығы негізінде ҚР Еңбек кодексіне сәйкес тәрбиелеу функцияларын атқаратын педагог осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар жасағаны және заңмен қорғалатын құпия мәліметтерді жария еткені үшін заң шеңберінде жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу түріндегі шара қолданылып, мұғалім жұмыстан босатылған»,-деп мәлімдеді басқармадан.