«Шымкенттің ең басты байлығы – халқы» сөзін дәл осылай бастаған үшінші мегаполис басшысы Орталық коммуникация қызметінде есеп берді. Сөзінше биыл экономика саласында оң өсім бар. Атап айтқанда қалаға тартылған инвестиция көлемі 514 млрд теңгеге жеткен.
Шымкентте жыл басынан бері қалаға 514 млрд теңге инвестиция тартылып, кіріс көлемі 22 пайызға артты. Сонымен бірге мегаполисте 683 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Осылайша меже 15 пайызға жоғарылады. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі алғаш рет Орталық коммуникация қызметінде берген есебінде мәлім етті.
«Ағымдағы жылдың 10 айында тартылған инвестиция 22, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 15, бөлшек сауда көлемі 19, көлік қызметі 21, өнеркәсіп өнім көлемі 1,7 пайызға артты. Жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқынын 4,2 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз» — дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Шаһарда орташа жалақы көлемі 270 355 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға жоғары. Ал халықты жұмыспен қамту шарасына 61 мың тұрғын қатысқан. Нәтижесінде Ғабит Сыздықбеков әлеуметтік көмек алушылар санының азайғанын айтады.
«Биыл халықты жұмыспен қамту шараларымен 61 мыңнан астам адам қамтылды. 36 мыңға жуық азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Халық табысының артуына байланысты, өткен жылмен салыстырғанда әлеуметтік көмек алушылар саны 22,4 пайызға азайды» — дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Брифинг барысында журналистер шаһар басшысына жыл бойы мәселеге айналған қаңғыбас ит пен мысықтарға қатысты сұрағын жолдады.
«Бұралқы итттер қараусыз мысықтар қалада өзекті мәселе екенін айттыңыз. Осы мәселе қалай шешіліп жатыр, онымен күресуге қанша қаражат бөлінді» — дейді «Халық үні» тілшісі Дәурен Ерболатов.
«Қазіргі таңда Шымкентте жабайы ит-мысықтарға арналған 1000 орындық нысан салынып жатыр. Бұл бағытта 100 млн-дай теңге бөлінді. Алдағы уақытта мәселе толығымен шешіледі деген ойдамыз» — дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Қала басшысының есебіне арнайы барған редакция тілшісі жұмыспен қамту саласы бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрады.
«Жаңа сөзіңізде жұмыспен қамтуда өсім бар деп айтып қалдыңыз. Халықты жұмыспен қамту бойынша қандай шаралар атқарылып жатыр?» — дейді «Отырар TV» тілшісі Гүлдана Дәурен.
«Өткен жылы жұмыссыздық 5 пайыз көлемінде орын алған еді. Биыл біршама бизнес нысандар ашылды. Мұнда өз сөзімде айтып өткен индустриалды аймақтардың маңызы зор. Өйткені кәсіпкерлік нысандар ашылып, халық жұмыспен қамтылып жатыр. Соның арқасында көрсеткіш те төмендеді» — дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Айта кетейік, биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасына 5,8 млрд теңге бөлінген. Қомақты қаржыға 194 жоба жүзеге асырылды. Ал келер жылы қаржыландыру көлемі 10 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр.