6 қараша – Қазақстан Прокуратурасы күні! Бүгін Шымкент прокурорлары өздерінің кәсіби мерекесін атап өтуде. Үшінші мегаполистің қадағалау органы қызметкерлері бұл күнді ерекше тойлады. Олар Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы жөнінде, елдің құқықтық жүйесінің өз жұмысын қалай бастағаны туралы авторлық қойылымдарын ұсынды.
Бүгін Шымкент қалалық прокуратурасының қылмыстық қудалау басқармасының қызметкерлері — алашордашылар рөлінде. Прокурорлар сахнада өнер көрсетіп, тәуелсіз Қазақстанның құрылу тарихы мен батырлардың ерлігін жырлады.
Қаланың бас прокуроры Ғабит Мұқанов қадағалау органының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, үздіктерді марапаттады. Оның қатарында, Бас прокурордың Құрмет грамотасын алғандар, прокуратура үздігі атанғандар мен мерзімінен бұрын 5 сыныптық шенге ие болғандар да бар.
Биыл прокуратура органының құрылғанына — 32 жыл! Тәуелсіздік алғаннан бері қадағалау органында бірнеше рет қайта құру жүргізілді. Ғабит Мұқанов прокуратура саласының ардагерлеріне еткен еңбегі мен толассыз тәжірибесі үшін алғысын білдірді.
Ғабит Мұқанов, Шымкент қаласының прокуроры:
«Алдағы уақытта жоғары жетістіктерге ұжым болып қол жеткізетіндігімізге сенімдімін! Жетістіктердің арқасында биыл бірқатар үздік қызметкерлер марапатталды. Ардақты ардагерлер, сіздердің жұмыс барысында кездескен қиыншылықтарға мойынсұнбай атқарған еңбектеріңіз — келешек ұрпаққа өнеге. Құрметті ардагер ағалар, әріптестер! Бүгінгі кәсіби мерекемен құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, баянды ғұмыр тілеймін!»
Бүгін прокурорлар мерекелік концертті толықтай өздері атқарды. Қонақтар мен кәсіби мереке иелері үшін патриоттық әндер орындап, әріптестерін әзіл-қалжыңнан да құр алақан қалдырмады. Ал салтанатты бөлімнен кейін прокурорлардың бірі кезекшілікке, енді бірі сот процестерінің материалдарын зерделеуге кірісті.