Шымкентте терісінің 90 пайызы зақымданған науқас дертінен айығып шықты

227
фото rfe.pangea-cms.com

Шымкенттік дәрігерлер Лайелла синдромына ұшыраған 54 жастағы науқасты аман алып қалды. Бүгінде толыққанды дертінен айыққан әйел ауруханаға жеке клиникада қабылдаған емнен кейін келіп түскен. Салынған ине алтыншы күні ағзасына кер әсер етіп, өткір аллергиялық реакция берген. Салдарынан терісінің 90 пайызы зақымданыпты.

54 жастағы Гүлмира Әжиева ауруханаға терісінің 90 пайыз зақымдануымен келіп түскен. Жеке клиникада ем алып жүрген ол емнің 6-шы күні салынған иненің бірі қатты реакция беріп денесіне түрлі бөртпелер шыққанын айтады. 2 апта көлемінде жансақтау бөлімінде жатқан әйелді аман алып қалуға тек 30 пайыз мүмкіндік болды дейді ақ халаттылар. Бүгінде Лайелла синдромына шалдыққан әйел дәрігерлердің көмегімен 1 айға жуық уақыт көлемінде дертінен айығып, аяққа тұрды.

Гүлмира Әжиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен алдын негізі қан қысымым көтерлііп жеке клиникаға барғам. 180/120 қан қысымымда емдетіп, аяғымда артрит, артроз бар еді, соларды емдетіп, ем қабылдап жүргем. Бір укол жақпады ма, реакция берді содан. Алтыншы күні берді реакция, бес күн жақсы жүрдім. Кәдімгі бутылкадағы шөптен жасалған система құйды маған. Реанимацияда екі апта жаттым аппаратта. Ол жақта жағдайым өте ауыр, қиын болды. Бірінші Алланың, екінші ақ халатты абзал жандардың арқасында аман қалдым, бұл кісілерге айтар алғысым шексіз».

Жедел-токсикоаллергиялық реакция дәрінің ағзаға теріс әсер етуінен болады. Науқас ауруханаға өте ауыр халде келіп түскен. Жансақтау бөлімінен кейін палатаға шығарылып, 10 күн көлемінде емін жалғастырды.

Жанна Жанжігітова, №2 қалалық аурухананың аллергология бөлімінің дәрігері: «Бұл науқас бізге 27 қараша күні өте ауыр халде келіп түсті. Түскен кездегі негізгі шағымдары денесінің бүкіл бөлігінің қызаруы, бөртуі, көпіршікті бөртпелердің ішінде сұйықтықтың болуы, мұрын қуысының бітелуі, ауыз қуысында жаралардың болуы және коньюктивиттің белгілерімен келіп түсті. Екі апта көлемінде реанимация бөлімінде болып, қазіргі таңда жағдайы жақсарды. Науқастың жағдайын қанағаттанарлық деп айтуға болады. Біздің бөлімде 10 күн емін жалғастырып келеді. Қазіргі таңда жағдайы жақсарып, үйге шығуға дайындалып жатыр»

Өте сирек кездесетін синдромға шалдыққандардың 60-70 пайызы аурудан айығып кетуі екіталай дейді ақ халаттылар. Сондықтан, дәрігерлер 54 жастағы науқасты емдеуге бар күш жігерін салған.

Гүлсім Байділдаева, №2 қалалық аурухананың аллергология-пульмонология бөлімінің меңгерушісі: «Мүмкіндігі бұл кісінің 30 пайыз қалды, қалғаны 70 пайызы прогноз болды. 3-ші күні бүйрегі дұрыс жұмыс істемей қалған. Дүниежүзілік статистикаға сүйенсек, мұндай жағдайлар миллионнан бір адамда кездеседі. Қазақстанда да сирек кездесетін асқыну. Бізде мұндай жылына бір рет кездеседі. Мәселен осы 2023 жылы бұл алғашқы жағдай».

Науқастың қазіргі жағдайы жақсы, емі аяқталды. Гүлмира Әжиева бүгін үйіне шығарылды. Оны үйде 3 баласы мен 10 немересі күтуде.