5 желтоқсан күні Тұран-1 шағынауданында 500-ден аса пәтер жылусыз қалды. Себебі ішкі орам құбырлары жарылып, істен шыққан. Тұрғындардың шағымынан кейін аймақта 4 бригада құрылды. Құбырдың ақауы анықталып, қайта қалпына келтірілді.
Тұран-1 шағынауданында 5-і мен 7 желтоқсан аралығында 11 тұрғын үйде ыстық су мен жылу жүйесі тоқтатылды. Оған себеп құбырлардың шіріп, істен шығуы. Желтоқсанда жылусыз қалған тұрғындардың шағымынан соң, тез арада 4 бригада құрылып, ақау қайта қалпына келтірілді.
«Жазда сығымдау жұмысы кезінде ешқандай ақау байқалмаған еді. Алайда 5 желтоқсанда құбырларда ақау байқалып, осы аймақтағы 11 үйде жылу жүйесі өшірілді. Тез арада жұмыс істеп, 2 күннің ішінде олқылық жөнделді. Қазір жөндеу жүргізілген жерлерді қызметкерлер жабумен айналысып жатыр» — дейді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов.
Мұндағы 27 үйге жылу жеке қазандық арқылы беріледі. Сондықтан мамандар 1 жерден кеткен ақау үшін барлық тұрғын үй жылусыз қалуы мүмкін дейді. Сол үшін қазір үйлердің жертөлесін тексеріп, тұрғындардың жылу батареясындағы суды кәрізге ағызып жіберіп жатқанын анықтапты.
«Батареяның ауасын шығаратын кезде 2-3 минут су ағу керек болды. Бірақ бұл жақта 24 сағат ағып тұрады. Қазір үй-үй аралап тексеріп жатырмыз. Батарея суын кәріз жүйесіне ағызып жатқан жерлерде құбырларды жауып қойдық. Негізі біздің жіберген су үйді аралап, қайта өзімізге келу керек. Бірақ олай болып жатқан жоқ. Тұрғындар суды кәрізге ағызғандықтан қазандықта су азайып, қысым да азаяды. Ал қайта су жылыту үшін 5-6 сағатымыз кетеді» «ҚуатЖылуОрталық-3» МКК директорының орынбасары Нұрбек Орынбаев
Еске салайық, аймақта осыдан 6 жыл бұрын 1 жарым км жылу құбыры тартылған еді. Ал жарамдылық мерзімі 15 жылды құрайды. Алайда ол санаулы жылда шіріп, 500 пәтер жылусыз қалды. Сондықтан «ҚуатЖылуОрталық-3» мекемесі 500 метр құбырды өз есебінен қайта жөндеуден өткізді.