Ғимаратты жарып жібермек болғаны үшін сотталған

67

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратын жарып жібермек болған. Бұл — экстремизм бабы бойынша сотталып, жазасын өтеп жатқан ер адамға берілген соңғы тапсырма. Ол өзінің жат ағым жетегінде қалай кеткенін айтып берді. 

Бұл ер адам экстремизм бабы бойынша сотталған. Интернет желісіндегі белгісіз біреумен сұхбаттарының соңы оны темір торға алып келді. Әлдекімдер оған діни мазмұндағы сұрақтар қойып, тапсырма беріп отырғанын айтады. Сондай тапсырманың бірі – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратын жару болған екен.

«Сұрайды дін жағынан болсын, басқа болсын. Мен намазды, ахидаларды айтамын. Кейіннен олардыкы дұрыс емес дейді. Осы жаққа кел деп айтады. Оның бір танысы бар. Соған ақша жіберу керек. Алматыда біреуден ақшаны аласың, сөйтіп жаңағы кісіге аударасың. Ал, кейіннен «акт» жасайсың ба дейді. КНБ-ның ғимаратын ба басқа нысандар бар, соларды жару керек. Олар жаймендеп айтып түсіндіреді, олар дінде жоқ адамдар, оларды өйту керек бүйту керек деп»

Ол теріс жолға түспес бұрын өзін не өлім, не абақты күтіп тұрғанын білген. Енді міне заңға қайшы әрекет жасамақ болғаны үшін 8 жылға бас бостандағынан айырылған. Сол мерзімнің әзірге 4 жылы өтіпті.

Тергеу изоляторында темірдей тәртіп орнаған. Жазасын өтеушілер таңғы 6-да оянып, кешкі сағат 10-да ұйқыға жатады. Теологтар келіп, жат ағымға түскендермен жұмыс істейді.

Ғалымжан Беркінбаев, Шымкент қаласы прокуратурасының прокуроры:
«Өткен жылы теологтардың және өзге де мамандардың жұмыс атқаруымен 8 сотталған дәстүрлі дінге ауыстырылған болатын. Сонымен қатар, осы 2024 жылда да жұмыс жалғасады. Ол сотталғандармен қазіргі қылмыстық атқару кодексінің 9-шы және 10-шы баптары бойынша құқықтары мен міндеттері толық сақталады. Сотталған тарапанынан қазіргі таңда ешқандай арыз талаптар болып жатқан жоқ»

Айта кетейік, қазір №65 тергеу изоляторында 300-ге жуық сотталушы жазасын өтеп жатыр.