Өңірде жүзім түрін өсіретін заманауи тұқымбақ пен зертхана құрылмақ

22
фото Егемен.кз

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвесторлармен кездесті. «INVEST IN HAYOT» компаниясының басшылығына өңірдегі инвестициялық жобаларды таныстырды. Аймақ басшысы өзбекстандық ірі компаниямен жаңа іскерлік байланыстар орнатып, өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға әрдайым ашық екенін жеткізді.

Компания агро-логистикамен айналысады. Жаңа піскен көкөністер мен жемістерді сақтау мен экспорттауда озық технологияларды енгізуде алдыңғы қатарда.
Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Үндістан, Ливан, Египет, Германия, Қырғызстан, Грузия елдерімен белсенді жұмыс жүргізеді. Жүзімнің сан алуан түрі мен өзге де жеміс-жидек пен көкөністерді шетелге экспорттауда агроконсалтинг қызметтерін көрсетеді.
Кездесуде компания басшыларымен жүзімнің көптеген түрін өсіретін заманауи тұқымбақ пен зертханасын құру жайлы талқыланды. Шаруа қожалықтарына жоғары табысты жүзім сорттарын жеткізуді ұйымдастыру, экспорттау жобалары туралы айтылды.
Жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану, заманалық бау-бақша мен жүзімдіктерді құру және интенсивті көкөніс шаруашылығын жолға қою арқылы өнімділікті арттыру, ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған жоспарлар ортаға салынды.
Облыс әкімі өңірдің кешенді даму жоспарында инвесторлар тарту, оларға қолайлы жағдай жасау мәселесіне айрықша назар аударылғанын баса айтты. Жергілікті билік бірлескен жобаларды қолдауға дайын екендігін айтып, бірлесіп шаралар жүргізуге қатысты жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.