Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудандағы елді мекендердің сыртқы қасбеті, тазалығы және ретсіз сауда нүктелерін жою жөнінде ауыл, ауылдық округтерінің әкімдеріне тапсырма жүктеген болатын.
Берілген тапсырманың орындалуы барысын көзден кешіру мақсатында бүгін аудан әкімі аппаратының басшысы Бақтияр Абдрахманов Абай ауылының ішкі көшелерін аралады. Тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкімін қасына ерткен аппарат басшысы орын алған кемшіліктер бойынша жұмыс жүргізуге нақты тапсырмаларды жүктеді.
— Абай ауылы Келес ауданының негізгі келбеті. Ауданға келген әрбір азамат өңірді орталыққа қарап таниды. Базар маңындағы ретсіз сауданы тез арада ретке келтіріп, заңсыз құрылыстардың көзін жою қажет. Бұл бойынша аудан әкімі бірнеше рет нақты тапсырмалар берді. Орындалуы көңіл көншітпейді. Сондықтан әрбір бірінші басшыға соңғы ескерту. Тапсырма орындалмаған жағдайда қатаң тәртіптік жауапкершіліктеріңізді қарайтын боламыз, — деді Бақтияр Оралбайұлы.
Аппарат басшысы аудан орталығын аралау барысында саудагерлермен тілдесіп, олардың пікірін тыңдады. Кәсібін заңдастырып, қолайлы жағдай жасауға тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, Араншы каналының айналасын абаттандыру, санитарлық тазалығына көңіл аудару қажеттігі айтылды. Берілген тапсырмалардың орындалуы бойынша тиісті мерзімі қойылып, арнайы ісшара жоспары бекітілді.