«Бақытты шаңырақ – кемел болашақ» форумы өтті

86

Түркістан облысы демографиялық жағынан елімізде көш басында тұр. Десе де отбасылық құқық бұзушылыққа қатысты 2 мыңнан аса жағдай тіркелген. Сондықтан зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «Бақытты шаңырақ – кемел болашақ» атты форум өтті.

Түркістан облысы бала туу көрсеткіші бойынша көш басында тұр. Алайда өңірде отбасылық жанжал туындап соңы құқық бұзушылыққа алып келген 3 мыңға тарта жағдай тіркелген. Оның 86-%-ында әйелдер зардап шегіпті. Сондықтан тәртіп сақшылары қазір заң күшейгенін айтады.

«Отбасындағы зорлықтың құрбандарына психикалық, заңгерлік және әлеуметтік қолдау көрсету, агрессорлармен профилактикалық жұмыстар жүргізуден бөлек, оларды учаскелік полиция пунктерінің жанынан құрылған қоғамдық қауымдастықтарда қарап, тәрбиелік ықпал ету шаралар қолданылып жатыр», — дейді Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов.

Отбасылық құндылықты дәріптеп, тұрмыстық зорлық зомбылықты азайту мақсатында күнгей өңірде «Бақытты шаңырақ – кемел болашақ» атты республикалық форум өтті. Осы орайда өңір басшысы ана мен бала құқығын қорғау аса маңызды міндет екенін жеткізді.

«Осы күнге дейін ата-ананың қол көтеруі бала тәрбиесінің бір бөлігі ретінде көрінсе, бүгінде ол көрініс зорлық-зомбылық болып сипатталады. Бала тәрбиесімен смартфон айналысатын жағдайға жетті. Сондықтан, жаңа ұрпақты қалыптастыруда ата-ананың түсінігін өзгертетін уақыт жетті. Біз отбасы тәрбиесінде өркениет талаптарын ескеруіміз керек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату мақсатында жауапкершілікті қатаңдату жөнінде нақты шешімдер қабылдады. Осы ретте Түркістан облысында әйел теңдігін сақтау және бала құқығын қорғау бағытында жұмыстар атқарылуда», — дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Айта кетейік, облыста 183 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Бұл Республикадағы аналардың төрттен бірін құрайды. Оның 17 мыңы «Алтын алқа», 43 мыңы «Күміс алқа» иегері. Ал 2023 жылы 54498 сәби дүние есігін ашты.