Қорғаныс министрлігі Шымкентте патриоттық акция өткізді

35
фото Шымкент гарнизон

 

 

Шымкентте әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған іс-шаралар өтті. Астанадан келген делегация әскерге шақырылуға дейінгі жастармен кездесіп, әскери қызметке шақыру тәртібі, әскери оқу орындарына түсу шарттары, міндетті әскери борышын өтегеннен кейін сарбаздар алатын жеңілдіктер туралы айтып берді.

 

Патриоттық акция аясында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс, әскери білім және ғылым департаменттерінің офицерлері №129 және №68 орта мектептердің бітірушілерімен «Ерлік сабақтарын» өткізді. Кездесулер жылы және достық жағдайында өтті. Министрлік өкілдері балалардың барлық сұрақтарына жауап беріп, олардың күмәндері мен қорқыныштарын сейілтті, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсу шарттары мен жоғары оқу орындарына түсу үшін әскери борышын өтегендерге арналған жеңілдіктер туралы айтып берді. Кездесу соңында қатысушылар естелік суретке түсті.

Мектептерден кейін Астанадан келген қонақтар Ұлы Отан соғысының ардагері Мұраталы Төлепбергенұлына барды. Олар ардагерге Қорғаныс министрінің атынан жеткен Жеңіс үшін алғысын жеткізіп сыйлықтарды табыстады. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ән-би ансамблінің хоры ардагерге соғыс жылдарындағы әндерді орындап берді.

«Егемен елдің ертеңі – Айбынды жастар!» әскери-патриоттық акциясы ақпараттық-насихаттық топ құрамында келген Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымының концерттік бағдарламасымен аяқталды. Ол қалалық жастар ресурстық орталығында өтіп, оның фойесінде армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың жүз жылдық мерейтойына арналған көшпелі мұражай мен заманауи қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылды.

Елордалық өнерпаздардың өнерін тамашалауға Қарулы Күштердің ардагерлері, әскерге шақыруға дейінгі жастар, «Жас сарбаз» қозғалысының мүшелері және Шымкент гарнизонының мерзімді қызметтегі сарбаздары келді.

Шымкентте өткізілген іс-шаралар Қазақстан армиясының имиджін көтеруге бағытталған ауқымды жұмыстардың бір бөлігі болды. Бұл акцияның мақсаты – жастардың назарын әскери қызметке аудару, әскерге бару әрбір азаматтың міндеті ғана емес, абыройлы құқығы екенін жеткізу болды.