Үшінші мегаполисте қоғамдық көліктер қатары толықты. Бүгінге дейін қалада 915 автобус болса, енді оның саны 936-ға жетті. Сондай ақ, бірқатар ескі көліктер жаңасына алмастырылды. Қала тұрғындарын тасымалдау саласындағы өзгерістер қандай?
Шымкент қаласының тұрғыны: «Қарбалас уақытта бір аяқпен тұрып келгенбіз. Қайтар кезде адамдар сыймай қалады».
Бұл, қоғамдық көлікпен жүретін халықтың жанайқайы. Мегаполис тұрғындарының уәжін ескерген жауаптылар проблеманы шешу мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізді. Атап айтқанда, аймақта автобустар жаңарып, тұрақты маршруттар қатары толықты. Мәселен, 1-ші ақпаннан бастап №3 және №4 номірлі автобустар қатарға қосылды.
Досымхан Жанұзақов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы: «№3-ші бағытымыз 16 кестемен, Тұран ауданынан шығып, қаламыздың үлкен магистралды көшелері арқылы Бәйдібек би, Шымситиді қамтиды. Т.Өтегенов, Н.Назарбаев, Т.Рысқұлов магистралды көшелері арқылы жүріп, тұрғындарға қызмет көрсетеді. Ал, №4-ші бағытымыз Оңтүстік шағынауданынан Жабық базарға дейін қатынайды. Ол 5 кестемен 15 минуттық интервалмен жүреді»
Сондай ақ, 171 және 171А бағыттарына қосымша автобустар қосылды. Тұрғындардың өтініші бойынша, №66-шы шағын қоғамдық көліктер сыйымдылығы үлкен автобустарға алмастырылды.
Кәрім Бестенов, «SHYMKENT BUS» компаниясының директоры:«№66-шы бағытта шағынавтобус болатын еді, соны жаңа автобусқа ауыстырдық. Ақпанның бірінен бастап 16 кестемен жүріп жатыр. Тұрандағы жолаушылардың ағымы көп болғаннан кейін кең автобусқа ауыстырдық»
Бүгінге дейін қала аумағында 915 автобус болса, енді тұрақты түрде 936 қоғамдық көлік тасымалдау қызметін көрсетеді.