Жүксалғыштың үстінде отырып, ән айтқаны үшін айыппұл салынды

39

Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында полицейлердің назарына жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу туралы бейнежазба түсті. Онда қала көшелерінің бірінде жүріп келе жатқан Daewoo Nexia жүк салғышының үстінде екі жігіт отырғаны таспаланған. Жолаушыларды тасымалдаудың бұл түрі оларға ұнағаны соншалық, екеуі бар дауыспен күліп, айқайлап, әндетіп, «керемет сәттерін» смартфонға түсіріп отырған.

Жол қозғалысының өзге қатысушылары мұндай ессіздікке бейжай қарай алмай, құқық бұзушылықты таспалап, интернетке жариялаған. Тәртіп сақшылары «бремендік музыканттарды» тез арада анықтады. 19 жастағы жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы бойынша айыппұл салынды, ал жолаушыларға қатысты осы кодекстің 615-бабы бойынша хаттамалар түзілді.
Құқыққорғаушылар жол үстіндегі бұндай әрекеттер қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін екенін ескертеді және қозғалыс ережелерін қатаң сақтау қажеттілігін еске салады.