«Әлемнің жарығы – ана»: Түркістандық аналар құрметке бөленді

42

Ананы әлемнің жарығына балаған халық көктемнің гүл мерекесін қашан да биік дәрежеде атап өтеді. Сол қатарда түркістандықтар да бар. Өңір басшысы облысқа еңбегі сіңіп, еліміздің дамуына өз үлесін қосып жүрген нәзік жандыларға құрмет көрсетті.

Көктем әні қойылымымен басталған мерекелік керемет кеш гүлдей жайнаған түркісттандық аруларға арналды. Салтанатты шарада өңіріміздің дамуына жан жақты үлес қосып жүрген ардақты әжелер, көпбалалы аналар мен іскер аруларға құрмет көрсетілді.

Түркістан облысында 179 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Оның 2500-ы «Батыр ана», 17 мыңға жуығы «Алтын алқа», 4 мыңы «Ана даңқы» орденінің иегері. Еліміздің демографиялық өсіміне зор үлес қосып жүрген жандардың ерлігіне баса назар аударған өңір басшысы аяулы аналарды мерекесімен құттықтады.

«Сіздерді көктемнің ең аяулы әрі шуақты мерекесі – 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Көктем, сұлулық және Ана – қанаттас ұғымдар. Ана – шуақ, ана – мейірім, ана – ізгілік. Адамзат баласының аналарға деген махаббаты мен құрметі ешқашан сейілмейді. Сіздер мейірім мен даналықтың қайнар бұлағысыздар. Гүл көктем мен сұлулықтың сыңарысыздар! Сіздерді Халықаралық ханымдар мерекесімен құттықтай отырып, ұзақ өмір, зор денсаулық, мөлдір махаббат тілеймін», — дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 000 мыңы қыз-келіншектер. Яғни, бизнес нысанының 31%-ын іскер ханымдар басқарады. Ал нәзік жандылардың мемлекеттік қызметтегі үлесі 27 пайызды құрайды. Отбасы мен қызмет ортасын байланыстыра білген арулардың ел дамуына қосқан үлесі орасан. Сондықтан мерекелік концертте жергілікті өнерпаздар аналар мен көктемдей құлпырған аруларды ән мен жырға қосты.