Шаруаларға “Кең дала” бағдарламасы бойынша жеңілдікпен 140 млрд. теңге бөлінеді

30

Елдің азық-түлік қауіпсіздігіне егіс науқанының тікелей қатысы бар. Осыған байланысты ел Үкіметі тиісті шараларды қабылдады. Мәселен, шаруаларға «Кең дала» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен 140 млрд теңге кредит беріледі. Егіс науқанына қатысты тағы қандай жоспарлар бар? 

Азық-түлік қауіпсіздігіне егіс науқанының тікелей қатысы бар. Осылай деген Үкімет басшысы зардаптардың алдын алып, егіс науқанын сапалы әрі уақытылы жүргізуді тапсырды. Олжас Бектеновтің сөзінше, науқан жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін Үкімет тиісті шараларды қабылдады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: «Биылғы астықтың бітік шығуы егіс науқанын сапалы әрі уақтылы жүргізуге байланысты. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар маңызды науқан. Көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін Үкімет қажетті шараларды қабылдады. «Кең Дала» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен 140 млрд. теңге кредит беріледі«.

«Кең Дала» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен 140 млрд. теңге кредит беріледі. Ал жергілікті бюджеттерден қосымша 100 млрд. теңге бөлінеді. Премьер-министр бұл қаржы көздері көктемгі науқандық жұмыстар мен күзгі егін орағына қосымша 425 млрд. теңге жеңілдікті кредит бағыттауға мүмкіндік беретінін айтты. Ал форвардтық сатып алуға 40 млрд. теңге және субсидиялар түрінде 95,4 млрд. теңге қаралды.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: «Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, сапалы тұқым, тыңайтқыш, пестицидтер, ЖЖМ және т.б. қолдануды қамтитын барлық қажетті агротехникалық іс-шараларды ескере отырып, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын сапалы жүргізу үшін жеңілдетілген несиелеуге шамамен 1,5 трлн. теңге қажет».

«Кең дала» бағдарламасы бойынша берілетін несиенің мерзімі – келер жылдың 1 наурызына дейінгі аралықты қамтиды. Шаруалар қаржы ұйымдарынан жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5 пайызды құрайтын несие рәсімдей алады. Айта кетейік, «Кең дала» бағдарламасы бойынша фермерлерден жалпы сомасы 134 млрд. теңгеге 1 434 өтінім келіп түскен. Оның ішінде бүгінгі таңда 37,8 млрд. теңгеге 811 өтінім мақұлданды.