Жолақысына 100 теңге алатын таксист-әйел Бейбіқыздың бір күні

174

Небәрі 100 теңге алатын таксиге мініп көрдіңіз бе? Түркістандық Бейбіқыз Тұрсынованы жергілікті жұрт жақсы таниды. 30 жылдан бері такси айдайтын ол жолаушыны 100 теңгеге қаланың кез келген бұрышына жеткізіп салады. Жаны жомарт, пейілі кең кейіпкеріміздің күнделікті кәсібін тілшіміз баяндайды.

Бейбіқыз Тұрсынова 30 жылдан бері такси жүргізеді. Көлігіне мінген жолаушыны қаланың кез келген нүктесіне 100 теңгемен ғана жеткізіп салады. Оның тұрақты клиетінің бірі – Айнагүл Сағындықова. Ол немерелерін де Бейбіқызға сеніп тапсырады екен.

Айнагүл САҒЫНДЫҚОВА, жолаушы

Айнагүл Сағындықова, Түркістан қаласының тұрғыны: «Бұл қыздың таксиіне мінгеніме 10 жыл болды десем болады, такси 20 теңге кезінде мінгенбіз. Бұл қыз қаншама халыққа адал қызмет жасап жатыр. Жұрттар пәлен теңге дейтін жерге 100 теңгемен ғана апарып салады. Жаңа қаладағы немерелерімді алып келуді де осы қызға сеніп тапсырамын. Бала-шағамызды мектепке апарады. Қайда барсам да осы қызды шақырып аламын. Себебі сенемін»

Бейбіқыз Тұрсынова, таксист-әйел

Бейбіқыздың жұмысы таңы 7:30-да басталып, кешкі 19:00-де үйіне қайтады. Күйеуі де 30 жылдан бері кран айдайды. “Шопырлар отбасымыз” деген ол күнделікті нәпақасын көлік жүргізіп тауып отыр.

Бейбіқыз Тұрсынова, таксист-әйел

Бейбіқыз Тұрсынова, таксист-әйел: «Алла Тағаламнан кішкентай сұрасам көп береді екен. Мен машинама отырған бір адамнан 100 теңгеден артық алмаймын. Бір бағытқа жүретін 4 адамнан 400 теңге болады сонда. Кейде адамдар артығымен беріп кетіп жатады, ыңғайсызданып. Мен машинамның майда-шүйде жөндеу жұмысын да өзім істей аламын. Жол жүрген соң бәрі болады. Мысалы баллон жарылса, өзім бір шетке тоқтаймын да ауыстырып кете беремін. Ол маған анау айтқандай қиын жұмыс емес».

Ол кейде балаларды мектепке тасиды. “Бала өміріне бей-жай қарамаймын” деген ол бүлдіршіндерге анасы сияқты қамқор болады.

Бейбіқыз Тұрсынова, Түркістан қаласының тұрғыны, таксист: «Мен сосын 20 жылдан бері арасында балаларды мектепке тасимын. Әр баланың ата-анасы 10 мың теңгеден төлейді. Үйінен алып кетіп, мектептен шығарда ертерек барып күтіп тұрамын. Мектеп қабырғасынан шыққан балаларды қайтарда алып кетудің өзі бақыт. Олар мені көргенде өте қатты қуанады, бақытты болады. Мен олардың анасы сияқтымын. Уақытылы алып барып, уақытылы алып келемін. Өзімді олардың анасындай сезінемін. Ата-ана маған разы».

Шайра Ергешова, Түркістан қаласының тұрғыны: «Бейбіқыз апай 2 баламды мектепке алып барып, алып келеді. Қазір қорқатын заман, өз туысыңа да сенбейтін. Осы кісі біздің ең жақынымыз сияқты болып кетті. Сол үшін апайға балапандарымызды сеніп тапсырамыз. Балаларым да бұл кісіні қатты жақсы көреді».

Бейбіқыз алдағы уақытта аналар мен балаларға қызмет көрсетуді жалғастырады. Оның бір тілегі – ана мен бала жыламауы әрі қауіпсіз өмір сүруі керек.

Зағипа Әбен,
А.Ясауи атынындағы ХҚТУ-нің
«Журналистика» мамандығының 4-курс студенті