Úı ANONS «Жолақысын қолма-қол бермеңіз!»: 8650 теңге айыппұл салынады

«Жолақысын қолма-қол бермеңіз!»: 8650 теңге айыппұл салынады

Жолаушылар жол ақысын тек белгіленген электронды төлем жүйелері арқылы төлеуі тиіс. Яғни, қоғамдық көліктерде жол ақысын қолма-қол ақшамен немесе жүргізушінің жеке есепшотына аудару арқылы төлеуге болмайды. Бұл қатаң талап деп отыр әкімдік өкілдері. Десе де, бұл талапқа құлақ аспайтындардың қатары азаймай отырған көрінеді. Мәселен, жыл басынан бері 4 мыңға жуық адам айыппұл арқалаған.

«Жолақысын қолма-қол бермеңіз». Әкімдік қызметкерлері осылай дейді. Алайда, мұны ескеріп жатқан жүргізуші мен тұрғын аз сияқты. Өйткені, небәрі үш айдың ішінде 3719 жолаушы жолақысын төлемей әкімшілік жауапкершілікке тартылған.  Ал қала тұрғындары айыппұл салғаны дұрыс деп отыр. Себебі, тәртіпке бас иген құл болмайды дейді.

«Ондай шофер есітпедім, өзім төлеймін. Төлеу керек. Өз айыбын біліп».

«Келесіде ол төлеу керек болады. Нәтижесін көргеннен соң».

«Жолақысын жемеу керек қой. Азаматтық борышымыз. Бәрі заң аясында ғой. Себебі, мемлекетке шығын ғой».

«Бір жағынан адамды тәртіпке шақыру үшін солай жасау керек шығар. Әйтпесе дағдыланып кетеді. Сұраса да бермеу керек. Басында системаға ауысатын кезде болды ғой».

Ережеге сәйкес, жол ақысын төлемегендерге жолаушыларға қолданыстағы заңнама негізінде 8650 теңге көлемінде айыппұл салынады. Сондықтан, жауапты мекемелер жолаушылардан жол ақысын белгіленген тәртіп бойынша уақытылы төлеуді сұрайды. Бұл талаптар қоғамдық көліктердің сапасын арттыруға, қосымша автобустар алуға жағдай жасайды.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Жолаушылардан  жолақысын уақытылы төлеуді сұраймыз. Жолақасы тегін болғанның өзінде, карталарды рәсімдеу керек. Міндетті түрде терминалдан өткізу керек.  Бұл электронды төлем жүйесі ақша қабылдау үшін ғана емес. Жолаушылар ағынын нақты еесептеуге мүмкіндік береді. Мұның барлығы қоғамдық көліктердің санын көбейтуге мүмкіндік береді. Немесе саны азайтуға мүмкіндік беретін шешім екенін айтқым келеді».

Естеріңізге сала кетейік, жақында ғана, автобустардың қатары толыққан болатын. Олардың сыйымдылығы 65-85 адамға дейін жетеді. Қоғамдық көліктер экологиялық таза газ-метанмен жұмыс істейді. Техникалық сипаттамалары халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді дейді мамандар.

Жалпы жаңа көліктер желдеткіш жүйелерімен, электронды бағыт көрсеткіштерімен, GPS бақылау жүйесімен, алты бейнебақылау камерасымен, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған механикалық пандуспен жабдықталған. Айта кетейік,  қала бойынша 95 бағытта  мыңға жуық автобус жолаушыларды тасымалдайды.

Нұргүл Жолымбетова