Úı ANONS «Жолақысын төлемейтіндер көп»: 8 мың адамға айыппұл салынды

«Жолақысын төлемейтіндер көп»: 8 мың адамға айыппұл салынды

фото Отырар.кз

Шымкентте қоғамдық көлікте жолақысын төлемей жүретін жолаушылар саны азаймай тұр. Мамандар, бұл тек қана қызмет көрсететін компанияларға емес, тұрғындардың өзіне зиян екенін айтады. Мысалы, жолаушылар ағыны көп болғанымен, олардың саны төленген жолақымен анықталады. Соған сай бағыттағы автобустар реттеледі. Жолақы неге төленбей жатыр? Бұл не үшін маңызды? 
Шымкентте өткен жылы 8 мыңға жуық жолаушыға жол ақысын төлемегені үшін айыппұл салынған. Оның жалпы көлемі 70 миллион теңгеге жуықтаған. Қоғамдық көлікті бақылаушылардың сөзінше, жүз жолаушының алпысы жол ақысын төлемейді. Олардың дені жастар.

«Түскенге дейін төлеймін ғой. Түскен жоқпын ғой. Қоғамдық көлікке кірдіңіз бе, бірден төлем жасауыңыз керек».

Жол ақысын төлемеген жолаушы бақылаушылардың қолына түссе, полицияның айыппұлына ілінеді. Айыппұл көлемі 2 айлық есептік көрсеткіш. Өткен жылы көлемі 7 864 теңге болған. Биыл 70 теңге төлеуден жалтарғандарға енді 8650 теңге айыппұл салынады.

АРИФ МАМЫШОВ, БАҚЫЛАУШЫ: «Бізде төлемейтіндер өте көп. 100-ден 40 пайызы төлейді қазір. Кейбірі наглый төлемеймін дейді. Не істей аласың дейді. Ондай жағдайда барынша түсіндіреміз…. негізі төлейтін жолдары өте көп».

ДАРИҒА КӘРІБАЕВА, БАҚЫЛАУШЫ: «Көбіне час пик уақытында азанда және кешке жол ақысын төлемейтін жолаушылар өте көп болады. Оларға түсіндіреміз. Жолақысын міндетті түрде төлеуін сұранамыз. 622-бап бойынша әкімшілік хаттама толтырамыз арасында».

Жол ақысын жолаушылар неге төлемейді? Бұл дұрыс па, бұрыс па? Бұл туралы тұрғындардан сұрап көрдік.

«Қалай ойлайсыз, жол ақысын төлеу керек пе, төлемеу керек пе»?
«Әрине төлеу керек. Адамның ақысы ғой. Жұмыс істеп жатқан адамның». Зейнеткерлерге, үлкендерге, балаларға, оқушыларға төлемеу керек. Біз сияқты жұмыс істейтіндер төлегені дұрыс шығар».

Мамандардың айтуынша, миллионнан аса тұрғыны бар қала тұрғынының 30 пайызы қоғамдық көлікті пайдаланады. Күніне 300 мыңнан аса адам тасымалданады. Бір жолаушы діттеген жеріне барып, қайтты деп есептегенде 700 мың жол жүру ақысы төленуі керек. Десе де өткен жылы орташа есеппен бұл көрсеткіш бар-жоғы 360 мыңға жеткен. Бұл өте төмен көрсеткіш дейді.

НАЗЫМ ЖАНБОЛАТОВА, «SMART MOBILITY» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Мынадай қате пікір пайда болған. 2024 жылы әкімшілік пен мәслихаттың бірлескен шешімімен 15 катигорияда жеңілдікпен жүретіндер бар. Оның ішінде студенттер 50 теңге төлейді, қалғандар толық тегін. Бірақ тегін жүру деген автобусқа кіріп, түсіп кете беру деген сөз емес. Көбіне бұл жағдай оқушылар арасында байқалады. Мүмкін оларға ақпарат дұрыс жетпеген болуы мүмкін. Оларда міндетті түрде жеңілдікпен жүретінін дәлелдейтін құжат ретінде көліктік карта болуы керек. Тіпті оқушыларға жеңілдік жасадық. Вертуалды карта жасап алуға болады. Сол картаны автобусқа кірген сәтте планшетке басу керек».

Жолаушылардың жол ақысын төлеуі не үшін маңызды? Назым Жанболатованың сөзінше, бұл бірінші кезекте қоғамдық көліктерді реттеуге сеп болады. Жергілікті әкімдік бақылайды, жолаушы ағынын анықталады, соған сай автобус саны артады не кемітеді.

НАЗЫМ ЖАНБОЛАТОВА, «SMART MOBILITY» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Өзіңіз ойлаңызшы, жұмыста бір күн жалақыңызды бермей қойса. Қалай ренжитін едіңіз. Сол сиықты 70 теңгенің ішінде жүргізушінің жалақысы тұр, қала бюджетіне түсетін салық тұр. Автобус ішіндегі жайлылық тұр. Іші жайлы, таза, жаз мезгілінде салқын, қыста жылы болуы үшін қаражат керек қой. Сол үшін де жолаушылар тегін жүрсе картасын басып, егер ақы төлесе 70 теңгесін төлеп жүреді деп ойлаймын».

Жалпы қалада 88 бағытта мыңға жуық автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді. Оның 79-ы әлеуметтік бағыт деп танылған. Онда бүгінде мыңнан аса бақылаушы жұмыс істейді. Айыппұл тек қана жолаушыларға емес, қолма қол жолақысын алған автобус жүргізушілеріне де салынған. Мысалы, өткен жылы бұл айыппұлға 157 жүргізуші ілінген.

Дилара Иса