Шымкент қоғамдық көліктеріне жаңа ереже енгізілгелі екінші күн. Алғашқы күні жаңашылдыққа тосыла қараған қала тұрғындары, бүгін «Төлемге» үйрене бастады.

Кондукторлар сөзінше кешегідей емес, бүгін арнайы жол картасымен жүргендер көп. Осыған қарамастан елдің сұрағы таусылмаған екен.

Шынар АЖАНОВА, кондуктор: «Картамен төлейтіндер көбейді. Бұған қоса бізге қойылатын сұрақ та көбейді. Бәріне карталарыңыз болса – 70 теңге, болмаса – 100 теңге төлейсіздер деп түсіндірдік. Жолаушылардың барлығы да бақылауда. Кімнің төлеп-төлемегенін назарда ұстап жүрміз».

Күні кеше іске енді қосылса да автобустағы аппараттардан шикілік табылғанын айтқанбыз. Кемшілік бір күнде түзелмеген сыңайлы. Себебі бүгін де кей қондырғылардың қосылмағаны белгілі болды. Есесіне, жолаушылар барар жеріне ақысыз жетіп алған.

Еске салайық, бұған дейін «Төлемге» жауапты компания өкілдері аппарат істемесе, жолаушылар ақы төлемесін деп ескерткен болатын. Арада бір күн өтпей олардың жауабы өзгеріп шыға келді. Енді автобустағы қондырғы қосылмаса да, жолаушы ақы төлеуге міндетті.

«Төлемнің» төңірегіндегі түсініспеушік мұнымен бітпейді. Енді тұрғындар арнайы картаны таба алмай жүрміз деп даурығуда. Жұрттың бұл сөзін жауаптылар да растап отыр. Сөздерінше, карантин кезінде жолаушылар қарасы азайып, «Төлемді» аз мөлшерде шығарған. Енді міне жаңа жүйенің тағы бір кемшілігі анықталып, түзеткелі отырмыз деп ақталды.

Бұдан бөлек, компания өкілдері оқушылар мен студенттерге де картаның дайын еместігін мойындады. Сөздерінше, осы уақытқа дейін «Төлемге» өтініш берген жасөспірімдер мен студенттер саны мың жарымнан аспайды. Ал бұл жалпы көрсеткіштің тек 5 пайызын құрайды екен.

Айта кетейік, студенттер мен оқушылар «Төлем» картасын тек Халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш беру арқылы ғана алады. Ал, олардың өтінішін сынып жетекшілері мен кураторлар жинайды.

  Назерке Үкібасова