Жаңа салынған жолдар неге тез бүлінеді? Шымкенттегі Нұртас ықшам ауданында пайдалануға берілген көшелердің сапасы сын көтермейді. Кепілдік мерзімі аяқталмай жатып шөккен асфальт, жыл сайынғы жөндеуден нәтиже жоқ. Мәселенің мәні неде? Ендігі шешім қандай?
Нұртас ықшам ауданындағы жаңадан салынып, пайдалануға берілген 10 көше бүлініп жатыр. Мысалы, Хан тәңірі көшесі тұрғындарының сөзінше, жол жабыны кепілдік мерзімі аяқталмай жатып жарамсыз күйге түскен. Жыл сайын жамап, жөндеу жүргізгенімен, жолдың жайы өзгермейді дейді олар.
«Біздің көшіп келгенімізге 5-6 жыл болды. Былтыр дәл осы болған. Биыл тағы осы болып жатыр ғой. Ойдым-ойдым болып кетеді. Ана бір жері ойдым-ойдым болып қай бір күні ғана жөндеп еді. Мына жақта да ойдым-ойдым болып жатқан еді. Білмеймін».
«Жыл сайын осы ғой. Дәл осылай ремонт жасайды, ойылып түсіп қалады. Қайтадан келіп ремонт жасайды, тағы түсіп қалады. Енді тағы ремонт жасап жатыр. Жол жөнделіп жатқаннан кейін өте алмайсың. Автобус айналады. Оған қоса калодецтер бар ғой солардың беттері ашық тұрады».
Дәл қазір шөккен асфальттардың орнын тас аралас топырақпен жауып қойған. Кей жерлерін жамаған. Қала әкімдігінің бұл мәселеден хабары бар. Әкімдік асфальттің асты босап, беті төмен түсіп кетуін кәріз жүйесімен байланыстырады.
«Бұл көшеде 2023 жылы кәріз жүйесін жүргізу жұмысы басталып, 2024 жылы мемлекеттік қабылдауға өткізілген. Алайда, соңғы жауын-шашыннан кейін асфальттың бірнеше тұсы төмендеп, жол жабынының бұзылуына әкелді»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ
Әкімдік мердігер компанияға көшені қалпына келтіріп, қайта асфальт төсеуді тапсырған. Ал энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына жұмысты қадағалауды міндеттеген.
Дилара Иса






