Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Наурыз айында куәгерлер жауабы тыңдалып бастаған болатын. Ал бүгін Исаховтың үстінен алғаш арыз берген азаматтың өз нұсқасы тыңдалды.
Шымкентте қала әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін куәгер ретінде «СТАРТ-СТРОЙ» ЖШС-нің директор орынбасарынан жауап алынды. Ол бастапқыда пара сұрады деп Исаховтың үстінен арызданған болатын.
Алайда сот залына жеке заңгерімен келген Егізбаев бұл іске қатысы жоқ екенін алға тартып, жауап беруден бас тартты. Дейтұрғанмен ол өткен жылы ҰҚК-не Исахов 187 млн. теңге ақша сұрады деп өз арызын жеткізген еді. Сондықтан айыпталушының адвокаты Егізбаевқа өз шағымын алуды ұсынды.
«Қолымызда Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Ержан Марат қол қойған айыптау актісі бар. Бұл айыптаудың 60 пайызы №40 істен тұрады. №40 істің мен 8 томымен танысып шықтым. Алайда онда Егізбаев ақпаратты таратпаймын деп қол қоймаған. Тек №54 іс бойынша жария етпеу туралы келісімге қол қойған. Мемлекеттік айыптаушы ретінде отырған прокурор одан жауап алудың заңды екенін айтып отыр. Бірақ Егізбаевтың заңгері жауап беруден қашқақтатып жатыр. Менің ойымша, бұл мүлдем негізсіз және абсурд. 40 істен тұратын айыпты енді қалай қарастырамыз? Егер Егізбаевтан жауап ала алмасақ, айыптаудан бас тартыңыз», — дейді заңгер Жания Бодау.
Аздаған келіспеушіліктен кейін куәгер болған жайтты өзі айтып берді. Сөзінше 2020 жылы 2 бірдей тендерді ұтып алған. Алайда Шымкент қаласы әкімінің экс-орынбасары одан бас тартуды сұрапты. Сондықтан Егізбаев екеуінің мәмілесін дабыстық құрылғыға жазып алыпты.
«Конкурсқа қатысқанбыз. Жеңімпаз басқа фирма болып шықты. Бірінші «Сити строй». Екінші орынды «Әлем строй» алған. Ал бізді заңсыз шеттеткен. Содан кейін сотқа бердік. Сонда ғана заңсыз шеттеткені анықталып, бізді қайтадан протоколға қосуға шешім шығарды. Сол кезде басталды. Протоколдің қорытындасына 2 күн қалғанда жолдас Исаховтың көмекшісі маған хабарласып келіңіз деді. Бардым 2 конкурстан бас тарт деді. Бас тартпасаң соңына дейін барамыз деді. Мен жарайды деп 1 конкурстан бас тарттым. Кейін бұл туралы ҰҚК-не жазуға тура келді. Кездесу кезінде жазылған дауысты бердік. Себебі мен шегініп көрдім. Бірақ уәделері орындалмады. Екінші конкурсты да бермеді», — дейді куәгер Жарқынбек Егізбаев.
Бүгін де сот отырысы күні бойына жалғасты. Түске дейін тек 1 ғана адамнан жауап алынса, күннің екінші жартысында ҰҚҚ Шымкент қаласы департаментінің қызметкері Диас Мариннің уәжі тыңдалды. Сот отырысы ертең жалғасады деп жоспарланған.