Отандық фармацевтика саласында көшбасшысы ретінде танылған Шымкенттегі «Химфарм» АҚ-ның қызметкерлеріне МӘМС шеңберінде әр азамат тегін алуға құқылы медициналық көмектер туралы кеңінен түсіндірілді.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы филиалының өкілдері дәрі-дәрмек өндіретін іргелі кәсіпорын ұжымымен кездесуде оларға МӘМС шеңберінде қолжетімді дәрігерлік тексерулер мен қан зерттеулері, жоғары технологиялы медициналық қызметтер мен оңалту шаралары жайында баяндады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласындағы мүмкіндіктер аясы кеңейген. Оның ішінде ересектер мен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған тегін дәрілік заттардың тізімін едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді.
Шымкентте бүгінгі таңда амбулаториялық тегін дәрі -дәрмек 123 нозология бойынша босатылуда. Оның 55-і ТМККК бойынша және 66 нозология бойынша МӘМС есебінен қаржыландырылуда. Диспансерлік есепте тұрған науқастарды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету 2,6 есеге өскен. Дәрі-дәрмектерді алу үшін пациент өзінің учаскелік дәрігеріне баруы керек. Дәрігер науқастың жағдайын бағалайды және қажет болған жағдайда емхананың дәріханасынан дәрі-дәрмектерді алуға рецепт жазады. Ал, жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде барлық дәрілік заттар тегін беріледі.