Шымкентте өңеші бітеу туылған сәбиге күрделі ота жасалды

66
фото МӘМС

Шымкент қалалық перинаталдық орталығында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен өңеші бітеу туылған сәбиге күрделі ота жасалды. Нәресте ішкі ағзасының ақауынан тіпті ана сүтін еме алмаған. Білікті дәрігерлер құрамы өміріне қауіп төнген бір күндік шақалаққа шұғыл түрде неонаталдық хирургиялық көмек көрсету шешімін қабылдайды. Нәтижесінде ота сәтті өтіп, бала анасымен жалпы палатаға ауыстырылған. Алдағы уақытта дәрігерлердің бақылауында болады.

– Жыл басынан бері қалалық перинаталдық орталығының жансақтау бөлімі базасында неонаталдық хирургиялық операциялар жүргізіле бастады. Соның арқасында ішкі ағзаларының ақауымен туылатын нәрестелерге күрделі ота түрлері өзімізде жасалуда. Бұған дейін түрлі патологиялары бар балаларды мамандандырылған ауруханаға жолдайтынбыз. Өйткені перзентханада ондай медициналық көмек көрсетілмейтін, -дейді Шымкент қалалық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің неонаталды ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Будукова.

Жаңа туылған нәрестелерге реанимациялық және қарқынды терапия қызметін көрсететін бөлімшеде неонаталдық хирург, анестезиолог-реаниматолог және неонатолог-реаниматолог дәрігерлері жұмылдырылған. Перзентханада сондай-ақ асқазан-ішек жолдарына ота жасалған балаларға күтім жасауға да ерекше көңіл бөлінген. Жыл басынан бері мұнда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде неонаталды хирургиялық көмек 21 балаға көрсетілген.

Сондай-ақ, бүгінде шымкенттік дәрігерлер шетелдерге барып, тәжірибе жинап, біліктіліктерін көтеруде. Бұл өз кезегінде шетелдерде қымбат бағаға жасалатын оталарды өз елімізде жасауға мүмкіндік беруде. Бұл әрине үлкен жетістік. Бұрын теңіз асып, тау басып, шетелге ем іздеп кететін науқастар өз еліміздегі білікті дәрігерлерден шипа табуда. Тек дәрігерлер ғана емес, орта буын медицина қызметкерлері де шетелдік тәжірибеден өткізілуде. Одан бөлек, алыс та жақын шет мемлекеттерден білікті дәрігерлер шақыртылып, күрделі ота жасау жолдары туралы жергілікті дәрігерлерге шеберлік сабақтарын өткізуде. Бұл өз кезегінде шымкенттік дәрігерлердің білімі мен біліктілігін шыңдап, тәжірибесін арттыруға сеп болып отыр.