Шымкенттік университеттер тасқын судан зардап шеккен өңірлерге 5 фура көмек жіберді

121

Шымкенттік 5 университет бірлесіп 5 өңірге гуманитарлық көмек жіберіп жатыр. Сонымен қатар тасқын судан зардап шеккен студенттердің оқу ақысын төлеуге ақшалай қолдау көрсету қарастырылған.

Шымкенттік 5 университет тасқын судан зардап шеккен өңірлерге 5 фура гуманитарлық көмек жіберді. Соның ішінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті 10 тонна затпен қатар арқалықтық 21 студенттің оқу ақшасын төлеуге көмек көрсеткен.

«Гуманитарлық көмектен бөлек Арқалық педагогикалық институтының 21 студентіне адрестік көмек жібердік. Әрқайсысына 300 мың теңгеден. Бұл ақшаны студенттер оқу ақысын жабуға және өз қажеттілігіне жұмсай алады. Сонымен қатар біздің университет жастары тарапынан тағы акциялар ұйымдастырылып жатыр. Одан жиналған қаражатты зардап шеккен аймақтарға жібереміз», — дейді Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Бекдәулет Тасболат.

Бұл игі іс Жұмабек Тәшенов университеті бастамасымен қолға алынған. Ал қалған білім ордалары мұны қуана қоштаған көрінеді. Аталған мекеме қызметкерлері Батыс Қазақстан халқы үшін 12 тонна азық-түлік пен гигиеналық зат жинапты.

«Тасқын су алған аймақта жүрген азаматтармен ақылдастық. Олар басты 3 нәрсенің керек екенін айтқан еді. Заттарды сол бойынша жинадық. Бірінші, су тасқынына тосқауыл жасайтын құрал-саймандар, керек-жарақтар. Екіншіден, көрпе-төсек жабдықтары, жататын заттар. Үшіншіден, азық-түлік пен гигиеналық заттар алдық», — дейді Ж. Тәшенов атындағы университет проректоры Ғалымжан Битұрсын. 

Білім ордалары жинаған көмек заттар 5 өңірге жіберілді. Осындай қиын кезеңде оқытушылар, студенттер бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып демеу болып отыр.