Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне – 25 жыл!

2381

Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің құрылғанына ширек ғасыр өтті. Ел тәуелсіздігін алған күндерден бері білім нәрімен сусындатып, мамандық дайындап келе жатқан жоғары оқу орны 25 жылдық мерейтойын тойлады. Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті – Қазақстанда алғаш ашылған жекеменшік жоғары оқу орындарының бірі.

Университет тарихы 1992 жылғы Х.А.Яссауи колледжінің құрылуынан басталған. Колледж негізінде Шығыстану институты құрылып, жоғарғы оқу орны алға дами бастады. Университет кеңейіп, мәртебесінің өсуіне профессор, арабтанушы – ғалым Юнусов Бақтияр Сайдұлы бүкіл өмірін арнады деуге болады.

Аталмыш оқу орнының атауы 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті болып өзгерді. Даму динамикасы әрқашан оң болды. Жылдан-жылға профессор- оқытушылар құрамы және материалдық базасы нығайтылды. 2010 жылдан бері Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық Университетінің Президенті болып Мадияр Бақтиярұлы Юнусов тағайындалды.

Университет президенті Мадияр Юнусов бастаған басшылар қуанышты күнге орай пайдалануға берілген заманауи спорт кешенінің қызыл лентасын қиды. Қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған кешеннің алаңында студенттер алғаш рет футбол ойнады. Университет ректоры Мұрат Жарқынбековтың айтуынша, ұжымның басты мақсаты – студенттерге барлық жағдайды жасау.

Мерекелік іс-шараға орай «Заманауи бәсекелестіктегі жоғары білім беру және дамытудың мәселелері мен перспективалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция да ұйымдастырылған. Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков пен шет елден келген 100-ден аса ғалым қатысты.

Жиналған қауым ең алдымен осы жоғары оқу орнының алғашқы президенті Бақтияр Юнусовты бір минут үнсіздікпен еске алды. Университеттің үздік оқытушылары облыс әкімінің арнайы мақтау хатымен марапатталды.

Айта кетейік, 40 түрлі педагогикалық мамандық бойынша кадр дайындайтын университетте 5500 студент білім алып жатыр. Тәуелсіздікпен қатар жасасып келе жатқан жоғары оқу орнының сүбелі жетістіктері көп.

Жанерке ХУМАР