ОҚПУ студенттері латын әліпбиін қолдайды

587

«Латын әліпбиіне өту – Рухани жаңғыруға қадам». Дәл осы тақырып елімізде кеңінен талқыланып жатқаны белгілі. Жастар да латын әліпбиіне көшуге деген көзқарастарын білдіріп, өзіндік үн қатуда. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Латын әліпбиіне өту – рухани жаңғыруға бастар жол» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Маңызды талқылауға оқу орнының басшылығы, профессор оқытушылары мен студент жастары қатысты. Жиынның алғашқы сөзін Университет ректоры Мұрат Жарқынбеков алып, бұл тақырыптың өзектілігін айтып, латын әліпбиінің берер пайдасына кеңінен тоқталды.

Мұрат Жарқынбеков ОҚПУ ректоры, «Қазіргі талқылауда болып жатқан латын әліпбиін қолдауымыз керек. Мен осы жолда барлық зиялы қауым өкілдерін және жастарды қолдауға шақырамын. Біздің зиялы қауым өкілдерін, ғылыми қоғамдағы азаматтарымызды және жоғары оқу орындарының, мектептердің белсенді жастары осы латын әліпбиіне қатысты насихаттау жұмыстарын жүргізуі қажет деп ойлаймын. Әлі де осы жағдайды түсінбей жүрген адамдар бар. Сондықтан қазіргі талқылауда жүрген әліпбиді қолдауға шақырамын».

Ректор сөзінен кейін 2-курс студенттері дайындаған «Қазақ тілінің өткені, бүгіні және болашағы» тақырыбында видеоролик көрсетілді. Роликтің мәні латын әліпбиіне көшкенде қазақ тілінің болашағы зор болатынын меңзейді.

Талқылауға «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Береке Талғатұлы да қатысты. «Жастар латын әліпбиіне көшуден ешқандай қиыншылық көрмейді» деген ол күнделікті тыныс-тіршілігіміз осы латын әліпбиімен байланысты екенін айтып өтті. Болашағымызға келтірер пайдасына да тоқталды.

Береке Талғатұлы, «Жастар ресурстық орталығының басшысы: «Біз білім мен ғылымды танып, немесе инновацияны әрмен қарай дамыту үшін міндетті түрде әлемдік ғылым кеңістігіне, білім кеңістігіне шығамыз. Әдебиетімізді, ғылыми жобаларымызды шет мемлекеттің, батыстың, Американың ғылыми жобаларын зерттеу арқылы біз көптеген жұмыс жасаймыз. Бұл жастарымызға керек. Сондықтан да латын әліпбиіне өту жастардың ғылыми кеңістікке шығуға апаратын жол болады».

Жастар көп жиналған басқосуда студенттер ректоры да өз пікірін білдірді. Ол студенттер арасында латын әліпбиіне көшу, оның маңыздылығы, және пайдасы жайлы осындай мазмұндағы дөңгелек үстелдер жиі ұйымдастырылатынын алға тартты.

Рахат Арғынбай, студент: «Осы дөңгелек үстелге жиналған біздің университеттің студенттерінің барлығы толықтай латын әліпбиіне көшуді қолдайды. Бұл осы тақырыпты талқылаудағы алғашқы жиын емес, бұдан алдын да көптеген дөңгелек үстелдер болды. Сол кездегі жастардың айтқан анық-айқын пікірлері біздің жастардың латын әліпбиін қолдайтынының дәлелі болып отыр», – деді.

Латын әліпбиіне көшу – Рухани жаңғыруға қадам. Жиналған көпшілік осы тақырып негізінде жан-жақты талқылау жасады. Тиімді тұстарына көптеп тоқталып, осы бастамаға қолдау білдіруге шақырды.