Шымкенттіктер Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауда

47

Шымкенттіктер Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап жатыр. Қаладағы сауда орындарының бірінің алдында орналасқан жүк көлігіне мегаполис тұрғындары қажетті заттар, азық-түлік, гигиеналық құралдар мен төсек-орын жабдықтарын өткізе алады.

Шымкентте батыс өңірде су тасқынынан зардап шеккен жандарға гуманитарлық көмек жиналып жатыр. Сауда орындарының бірінің алдында жүк көлігіне тұрғындар қажетті заттар, нақтырақ айтқанда, күрек, қапшық, киім-кешек және гигиеналық заттарды әкеліп өткізуде.

«Ел басына күн туған кезде қолымыздан келгенше батыстағы Ақтөбе, қазір су Атырауға қарай кетіп жатыр, сол жақтағы кісілерге қолымыздан келгенше көмек қолын созуымыз керек. Ескі заттар емес, тек қана жаңа заттар алып келіп жатырмыз. Өзіміздің бауырларымызға тек жаңа көрпе, күректер, киім-кешек жеткізуге тырысып жатырмыз. Көріп жатырмыз ғой, кейбір ауылдарда үйлердің 97 пайызын су шайып кеткен. Қолдан келгенше көмектесейік», — дейді  қала тұрғыны Берікжан Бекмұрат.

«Шымкент қаласының еріктілерінің атынан су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға кішігірім болса да көмек беріп жатырмыз. Балаларға, жасөспірімдерге киім-кешек, сүлгі, көрпе-төсек бәрін жинап, халықпен бірге көмектесейін деп жатырмыз», — деді Шымкент қаласының тұрғыны Динара Мурзабаева.

Ұйымдастырушылар жүкті 1 сәуір түнде жөнелтуді жоспарлап отыр. Сөздерінше, тұрғындар қажетті заттарды жинауда белсенділік танытуда. Сондай-ақ, қаржылай жылу жинамаймыз деген ұйымдастырушылар тек жаңа заттар мен төсек-орын жабдықтарын әкелуді сұрайды.

«Гуманитарлық көмекке мұқтаж 4000-5000 адам үйсіз-жайсыз, киімсіз қалған. Ең басты маңызды заттар, ол – киім-кешек, жаңа болуы міндетті. Жылу беретін аппараттар, жылы киімдер, көрпе-төсек, тез бұзылмайтын азық-түлік, гигиеналық құралдар қажет. Тұрғындар өте жақсы атсалысуда. Шымкентті қайырымыды қала деп айтуға болады. Барлығы өз үлесін қосып жатыр», — дейді гуманитарлық көмек ұйымдастырушысы Асхат Нұрлыбай.

Айта кетейік 31 наурыздың кешінен бастап батыс өңірдегі төтенше жағдайға байланысты Әл-Фараби сауда үйінің алдына арнайы гуманитарлық көмек, нақтырақ айтқанда гигиеналық құралдар, киім-кешектер мен бұзылмайтын азық- түлік т.б керек-жарақты жинау үшін жүк көлігі қойылды. Гуманитарлық көмек көлік толғанша қабылданады.