Тұран ауданында 100 тонна қоқыс шығарылды

38

Тұран ауданында да «Таза Өлке» акциясы аясында қаланың шеткі аймақтары күл-қоқыстан тазартылды. Нақтырақ айтқанда қала тұрғындары белсене қатысқан шара А2 тас жолы жиегінде өткізілді. Мұнда аумақ тонналап жайылып жатқан құрылыс заттарынан арылып, тұрмыстық қалдықтар жиналды.

Тұран ауданында науқан басталғалы 100 тонна қоқыс жиналды. Ал бүгін жалпы республикалық акцияға әкімдік қызметкерлерімен қатар белсенді ауыл тұрғындары да атсалысып жатыр. Қазығұрт сити атауымен шыққан олар, көше бойында полиэтиленді заттар көп кездесіп жатқанын айтады.

«Ең көп табылғаны полиэтилен, қоқыс. Тұрғындардың қолданатын заттары судан босаған құты, шыны бөтелке сынды және құрылыс материалдары да өте көп. Шашылып жатқан шлакоблок, битонның қалдықтары, кірпіш сынды дүниелер. Жаңа бірнеше Камаз қоқыс кетті. Қаппен санамадық бірақ. Енді табиғат аясында шашылып жатқан қоқыс өте көп», -дейді Қазығұрт мөлтек ауданының тұрғыны Қанат Жұмаев.

Кеше Тұран ауданында орталық көшелер мен аялдама жуылса, бүгін шеткі аймақтағы күре жолдар жиегі мен мола маңы қалдықтардан тазартылды. Шараға мың жарымнан аса адам жұмылдырылған. Сонымен қатар, сенбілікке белсене қатысқан аудан әкімі мұндай акция өткізу көпке үлгі екенін айтады.

«Бұл шара тұрғындарға үлгі болсын деген ниетте ұйымдастырылды. А2 тас жолындағы қазір 5 км жолдың екі жиегі тазаланды. Атап өтетін болсақ, бұл Өзбекстанға баратын күре жол болып саналады. Сондықтан осы жолдан бастап жатырмыз. Алдағы уақытта мәдени-тарихи орындар, өзен жағалаулары да апта тақырыбына қарай тазаланады», — дейді Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбеков.

Сонымен қатар, мамандар Бадам өзені бойын күл-қоқыстан арылтты. Бұл апта “ Таза өлке” аясында үй аулалары, көше бойлары тазаланса, келесі жеті күндікте мәдениет ошақтары, тарихи ескерткіштер айналасын қалдықтан арылту жоспарланған.