Úı ANONS «Аяқжол орнына көлік жолы»: Тұран ауданы келер жылы толық газдандырылады

«Аяқжол орнына көлік жолы»: Тұран ауданы келер жылы толық газдандырылады

Тұран ауданының тұрғындары көгілдір газға ендігі жылы толықтай қол жеткізбек. Биыл газбен қамту жұмыстары 87 пайызға орындалған. Бұл туралы аудан әкімі Берік Әшірбеков хабарлады. Оның айтуынша, аудан аумағында газдандыру, ауыз сумен қамту, кәріз жүйесін тарту, электр жарығымен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

230 мыңнан астам халқы бар Тұран ауданы жыл сайын қарқынды дамып келеді. Мәселен, инфрақұрылым мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, бүгінде аудан тұрғындары ауыз сумен 98 пайызға қамтылған. Сонымен қатар, халықты электр жарығымыен қамтамасыз ету деңгейі 95 пайызды құраған. Алайда, тұрандықтар толықтай көгілдір газға қол жеткізу үшін бір жыл тағы да күтуІ керек.

Берік Әшірбеков, Тұран ауданының әкімі: «Табиғи газбен қамтту мәселесі бойынша бүгінгі таңда 85,7 пайыз, 18 елдімекенде қамтылған. Оның ішінде Жаңаталап елдімекенде 2025 жылға жұмыстар басталды. Ол жұмыстары 2025-2026 жылға өтпелі. Ал Құрсай елдімекенінде эспертиза күтіп отырмыз. Эспертизадан кейін шыққаннан кейін жұмыстар басталады. 2025-2026 өтпелі. Ал, Айкөл шағынауданында энергетика басқармасы тарапынан жобалау жұмыстары жасалып жатыр».

Ауданда 1 229 көше, 27 саябақ, гүлзар және демалыс орындары, сондай-ақ 293 әлеуметтік нысан орналасқан. Бұл – ауданның әлеуметтік және қоғамдық инфрақұрылымының біртіндеп дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұдан бөлек, ауданда жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да кезең-кезеңімен жалғасуда. Бүгінде аудан аумағындағы көшелердің жалпы ұзындығы 570,4 шақырымды құрайды. Оның ішінде 80,4 пайызы асфальт жол болса, қалғаны тас жол дейді аудан әкімі. Сонымен қатар, кейбір елдімекендерде аяқ жол мәселесі шешілмеген. Алайда, бұл мәселе де алдағы уақытта шешімін табады дейді.

Берік Әшірбеков, Тұран ауданының әкімі: «Аудан аумағында 251 көшеге 112,3 шақырымға асфальттау жоспарланды. «Корпорация Береке» компаниясы жұмыс істеп жатыр. Жаңаталап, Құрсай, Арғымақ, барлығында бөлек-бөлек жұмыстар жүріп жатыр. Барлығы бақылауда. Оның ішінде 22 көше 18,6 шақырым орташа жөндеу, 229 көше 93,7 шақырым жол жабынын орнату жүргізіледі. Ағымдағы жөндеумен 36 көше 33 шақырым 1 қабат салынды. Аудан аумағында ағымдағы жылы аяқ жолдарды жаңарту жұмыстарыда жүргізілуде. 2025 жылы жалпы 44 көшеге 20,1 шқ аяқ жол салу жоспарлануда».

Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта инфрақұрылым желілерін толықтай қамту бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек. Яғни, көшелерге инженерлік жүйелер тартылып, тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсара түспек. Айта кету керек, Тұран ауданда бүгінде 21 шағынаудан бар. Жалпы ауданда 548 көпқабатты тұрғын үй мен жеке секторда 39 мыңнан астам үй орналасқан. Халық саны 232 700 адамға жеткен.

Нұргүл Жолымбетова