АИТВ (ВИЧ) қалай жұғады? Бұдан қалай сақтану керек? Қауіпсіз контакт дегеніміз не? Осы және тағы басқа сауалдарға Шымкент қаласы ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасарының міндетін атқарушы Ербол Есіркепов жауап берді.
– 2006 жылы Шымкентте 149 бала ВИЧ жұқтырғаны белгілі боп, ауыр оқиға болды. Сол оқиға жайлы ел ішінде «мұны қолдан ұйымдастырды, бір ғылыми зерттеу жүргізіліп жатыр» деген сияқты қауесет те тарады. Бірақ бұл жағдай медициналық мекемелерде қарапайым санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларды сақтамағаннан болғаны анықталды. Қазір ол балалар есейді, отбасын құратын жасқа келді, олардың қазіргі жағдайы қалай?
– Бұл оқиға 2005 жылдың аяғы мен 2006 жылдың бас жағында ауруханаішілік инфекциясы бойынша 14 жасқа дейінгі балалар арасында АИТВ инфекциясы тарады. Бұл біріншіден – мемлекеттік мекемелерде бір реттік қолданатын құрал-жабдықтардың кемшілігінен туындады. Сол жерде мемлекет тарапынан да кінә болды. Одан бөлек, өзіңіз айтпақшы санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың дұрыс сақталмағанынан туындады. Сол кезде бұл оқиғаға көбінесе дәрігерлерді кінәлады. Бірақ соңғы шешім – сол бір реттік құрал-жабдықтың болмауынан деп қабылданды. Ол кезде Оңтүстік Қазақстан облысы болатын. Облыс бойынша 149 бала тіркелді. Оның бәрі 2005 жылдың аяғы мен 2006 жылы тіркелген емес, 2009 жылдың басына дейін тіркелген. Бұрын жұқтырғандардың кейін анықталғаны да болды. 149 баланың 11-і сол анықталу барысынан кейін көп ұзамай қайтыс болды. Бір баланы шетелдік азаматтар асырап алды. Басқасы өзіміздің өңірде өмір сүріп жатыр. Сол кезде мемлекет тарапынан Ана мен бала орталығы ашылды. Сол орталықта қалған балалар 18 жасқа дейін мемлекет тарапынан толық емін қабылдады. Қазір сол балалардың 50-ге жуығы Ана мен бала орталығында қалды. Қалғаны қалалық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес орталығында диспансерлік есепте тұр. Олардың бәрінің денсаулығы жақсы, дәрігерлердің нұсқамасын толық орындап, антиретровирустық терапия қолданылады. Олардың арасында отбасын құрып, бала-шағалы болып жатқандар да бар. Шүкір, олар дені сау ұрпақ дүниеге алып келіп жатыр. Қаламызда соңғы 5-7 жыл көлемінде ешбір ВИЧ инфекциясымен туған бала жоқ. Ондай жағдай тіркелмеді. Сау баланы дүниеге алып келіп, ұрпағын жалғастырып жатыр.
– Бұл оқиғаға сол кезде бір реттік қолданатын заттардың жетіспеушілігі себеп болды деп айттыңыз, қазір мұндай мәселе жоқ шығар?
– Ол кезде тек біздің өңірде ғана емес ел бойынша медициналық мекемелерде құрал-жабдықтың жетіспеушілігі болды. Сол кезде тіпті дәргерлердің жалақысын төлегенде қиындық туғызатын еді. Ал қазір бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ. Қазір медицина мекемелерінде де, дәрігерлерге де жақсы жағдай жасалған. Сол себепті де санитарлық-эпидемиологиялық ережелер толығымен сақталып жатыр.
– АИТВ инфекциясының анадан балаға берілу жолы бойынша жағдай соңғы 5-7 жылда тіркелмеді дедіңіз, бұл инфекция тағы қандай жолдар арқылы жұғады?
– Қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен мақұлданған бұл инфекцияның 3 жұғу жолы бар. Оның бірі – қан арқылы жұғу жолы. Жаңағы 2006 жылы болған жағдай балаларға дәл осы қан арқылы берілген еді. Ал екіншісі жыныстық жолмен беріледі. Үшіншісі анадан балаға вертикалды берілуі. Бұл ана құрсағында жүргенде немесе босану сәтінде, болмаса емізу кезінде беріледі. Қазір біздің орталықта 1887 адам диспансерлік есепте тұрады. Ол кісілер емдеуші дәрігерлердің кеңесі бойынша уақытылы келіп, анализ тапсырып, антиретровирустық терапия қабылдап жүр. Біздің қаламызда 2023 жылы ересектер арасында 144 адам АИТВ инфекциясымен тіркелді. Және осы жыл басынан бері 80-ге жуық адам тіркелді. Өкініштісі қазіргі кезде ерлер арасында осы инфекциясының тіркелуі көбейіп келеді. 2003-2004 жылдары бұл инфекциясы қан арқылы жұқтырғандар көп тіркелетін болған. Сол кезде оңтүстік өңірінде инемен есірткі тұтынушылар арасында жұқтыру басым болған. Әсіресе Ленгер және Кентау қаласында сондай жағдай көп тіркеліп, қан арқылы жұғу жолы 80%-ға дейін жеткен. Ал қазір 85% жыныстық жолы арқылы жұғып отыр. Соңғы 4-5 жылда бұл көрсеткіш көбейіп келеді. Және де бұрын инфекцияны жұқтыру мүмкіндігі халықтың осал топтары арасында көп тіркелген. Жеңіл жүрісті қыздар мен нашақорлар арасында көп кездесті. Ал қазіргі көрсеткіш жалпы халық арасында да көбейгенін байқатады. Химиялық препараттарды, наркотикалық заттарды қолданатын жастар арасында және бір-бірін онша білмейтін тіпті бір-бірін көрмейтін адамдар арасында жыныстық қатынасқа түсуінен осы инфекцияны жұқтырып алып жатқандар көп. Бұл әрине өте өкінішті.
– Адамдар сақтанбай, көңіл аудармай бұл инфекцияны жұқтырып алды дерлік, бірден күдіктенсе, тез арада дәрігер көмегіне жүгінген жағдайда аурудан айыға ала ма?
– ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №137 бұйрығымен бекітілген профилактикалық жұмыстар атқарылып жатыр. Осы бұйрық бойынша достастық кабинеттері, сенім бекеттері жұмыс істейді. Азаматтар осы кабинеттерге келу арқылы егер жыныстық қатынаста болған жағдайда қатынасқа дейінгі және қатынастан кейінгі деген профилактика бойынша көмек көрсетіледі. Қатынасқа дейін профилактикада біздің антиретровирустық терапияның арнайы дәрісін ол адамға береміз. Егер адам қандайда бір жоспарланбаған қатынасқа түскен жағдайда сол кезден 1-2 сағат алдын сол таблетканы ішетін болса, вирусты жұқтыруды 0%-ға дейін төмендетуге болады. Енді бұл дәріні қабылдайтын мүмкіндік болмай қалса, кездейсоқ біреумен жыныстық қатынасқа түскен болса, ол адамға контактіден кейінгі профилактиканы қолданамыз. Ол жерде адам қатынастан кейін 72 сағат ішінде кез келген аумақтық ЖИТС орталығына келіп, жаңағы препаратты алуына болады. Бұл дәрі тегін беріледі. Сол дәріні 72 сағат ішінде ішетін болса, организмге вирус түскен күннің өзінде сол вирустың мутацияланып, дамуына тосқауыл болады. Ал енді өзі күмәнданбай, арада біраз уақыт өтіп кеткенде барып ойланса, сол кезде де дәрігерге келуіне кеңес беремін. Себебі организмге түскен вирусты неғұрлым ерте анықтасақ, антиретровирустық терапияны қолданған жағдайда ол адамның денсаулығында қауіп болмайды. Міне, сол үшін азаматтарға әр жарты жыл сайын, тіпті болмаса 1 жылда бір рет АИТВ инфекциясына тексеріліп тұруға кеңес беремін. Адамдар өздері хабарсыз болады да бұл инфекцияның 3-кезеңіне келген кезде ауруханаға түсе бастайды. Қан тапсыру тегін жүргізіледі. Және көп мекемеде таңғы уақытта анализ тапсыруды айтып жатады. Бірақ АИТВ-қа күннің қай кезінде келсеңіз де болады және аш қарынға келу міндетті деген талап жоқ. Тек айран, сүт, майлы тамақ жеп келмесе болды. Мұндайда зертханада күмәнді жағдай туындауы мүмкін. Осыдан 5-10 жыл бұрын бұл вирусқа ер адамдар көп шалдықса, қазір әйелдер мен ерлер үлесі теңесті. Ерлер 51%, әйелдер 49%-ды құрап отыр.
– Ал, мүшеқап қаншалықты қорғай алады?
– Мүшеқаптың да қазір түр-түрі бар. Оны көп жерде мемлекеттік сатып алу арқылы тапсырыс береді. Әрине, ең төмен бағада сапасызын сатып алатындар көп. ВИЧ инфекциясынан латексті мүшеқап қорғай алады. Олар біріншіден созылмалы келеді. Кез келген келеңсіз жағдайда жыртыла қоймайды. Сондықтан мен барлық мүшеқап бұл вирустан сақтайды деп айта алмаймын.
– Қан арқылы инеден басқа қалай жұғу мүмкін?
– Қан арқылы жұғудың ең жиі ұшырасатыны – инемен есірткі тұтынушылар арасында. Былайша айтқанда біреудің тұтынған инесін екінші адам қолданса 100% вирус оған жұғады. Мысалы тіс инструменттері, хирургиялық инструменттер арқылы және маникюр, педикюр құрал-жабдықтары арқылы жұғу әбден мүмкін. Болмаса тіс щеткасы арқылы да жұғады. Былайша айтқанда егер адам жеке бас гигиенасын дұрыс сақтаса қорқыныш жоқ. Егер вирусы бар адам тісін жуып, тісі қанап, сол қан щеткасында қалып қойған болса, оны екінші бір адам қолданса жұғуы мүмкін. Бірақ енді мұндай жұғудың пайызы өте төмен. Және де сақал-мұрт қыратын заттардан да, татуаж жасататын құралдар арқылы да жұғады. Сол себепті әрбір адам жеке бас гигиенасын өте жақсы сақтауы керек және де сұлулық салоны сияқты жерлерге барғанда бір реттік қолданатын құрал-жабдық арқылы қызмет көрсетуін талап ету керек. Себебі олардың бәрі 100% санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан қадағаланбайды. Өйткені біздің мемлекетте кіші және орта бизнеске бюрокротиялық тексеріс жүргізілмейді деген мораторий бар. Осы тұста бір жағдайды айта кетейін. Біздің қаламызда болған жағдай. Әйел адамдар жүктілік кезінде міндетті түрде АИТВ инфекциясына тексерілуі керек. 8-10 апталығында және 28-30 апталығында. Сол кезде бір тұрғынымыз күйеуінің 5 жылдан бері АИТВ инфекциясымен есепте тұратынын білген. Ол адам үйленетін кезінде әйеліне айтпаған. Өзінің жағдайын жасырған. Бұл оқиғадан соң, әйелі күйеуін сотқа берді. Және ол адам 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге 4 миллионға дейін материалды, моралды қаражат қайтарды. Сондықтан мұндай жағдайды бірге өмір сүретін адамынан жасырмаса деймін. ВИЧ инфекцияның өзінен адам қайтыс болмайды. Осы аурудың кесірінен қайтыс болды деп ешқандай дәрігер де медицина ғалымдары да айта алмайды. Себебі бұл вирус организімдегі тек қана иммун клеткаларын жояды. Осының салдарынан басқа да инфекциялардың организмге түсіп, солардың өмір сүруіне жағдай жасап береді. Басқа да аурудың туындауынан адам қайтыс болуы мүмкін. Егер адам уақытылы тексеріліп, дәрігерлер айтқанын орындап, емін қабылдап жүрсе бұл инфекция жұқтырған адамдар Жаратқанның берген ғұмырын кеше алады.
Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР