Балалар пойыз жолының орнына жүгіру жолағы салынады

35
фото Отырар.кз

1980 жылы негізі қаланған балалар пойыз жолының орнына жаңа жүгіру жолағы салынады. Бұған дейін бүлдіршіндерге арналған нысанды прокуратура жарамсыз деп таныған болатын. Сондықтан қала әкімі онда заманауи демалыс орнын құруды көздеп отыр.

«Қаламызда басқа мәселелер толып жатқан кезде оны қазір басынан істеу көп миллиардты жұмсау тиімсіз деп ойлаймын. Сондықтан шешім қабылдадым. Мұнда екі станция арасына ені 5 метрлік жол саламыз. Қазір сіздермен жүріп өтейік сол аралықты», — деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Бұл 1980 жылдары негізі қаланған балалар пойызының бекеті. Қаншама уақыт бүлдіршіндер мерекесінде балақайларды қуанышқа бөлеген транспорт түрі қазір қараусыз қалған. Сондықтан қала басшысы мұнда заманауи нысан құруды ойлап отыр.

«Темір жолды қалыпқа келтіргенше, су, жол, кәріз сияқты халыққа қажет коммуналдық жұмыстарды істеумен айналысамыз. Ал бұл нысанды жөндеу бюджетке тиімсіздеу болады. Сондықтан тиімді жұмыспен айналыссақ деп отырмыз», — дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

6 шақырымға тарта аумақты қамтыған балалар темір жолының біраз бөлігі бұған дейін бұзылса, кей жерлерге үйлер мен тасжол түскен. Жаңа бастама негізінде мұнда жүгіру және веложолақ төселеді. Сонымен қатар мамандар балалардың да жағдайы жасалатынын айтады.

«Мұнда балалар ойын алаңы, workout саламыз. Тұрғындар келіп спортпен айналыса алады. Ал жол осы жерден ары қарай жалғасады», — дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

2013 жылы прокуратура балалар пойызының жарамсыз екенін жариялады. Ал осы аймақта тұратын тұрғындар соңғы уақытта кеш ауа серуендеу қауіпті бола бастағанын айтады.

«Жаңа бастама өте тиімді деп ойлаймын. Себебі біз осында серуендеп көп жүреміз. Ал қирандыға айналған жерлерде балаларымызды алып жүру бұрын қиын еді. Енді жаңа жол салынады дегенге бәріміз де қуанып жатырмыз», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Айдархан Райымқұлов.

Қазір жаңа нысанның 60 пайызға жуығы аяқталып қалды. Ол үшін бюждеттен ешқандай қаражат бөлінбеген. Бұл бастама мегаполис кәсіпкері демеушілігімен қолға алынып жатыр.

«Жұмысты 19 сәуірде бастағанбыз. Бізге тапсырма болып келді. Сондықтан бар жұмысшыларды осында жұмылдырдық. Жол жиегін қойып,  1,2 км жерге тас төседік. Енді асфальт төсеуге дайын. Осы айдың 25-не дейін бітіреміз деп отырмыз», — дейді демеуші компания директорының орынбасары Әділет Абдукәрім.

Айта кетейік, құрылыс жұмыстары 1 маусымға дейін аяқталып, балалар күнінде ел игілігіне беріледі деп жоспарланған. Ал пойыз бекеттері азаматтар тынығатын орындарға айналмақ.