Бүгін Шымкент қаласы әкімінің экс-орынбасары Мақсұт Исаховқа қатысты жарыссөз аяқталды. Ол өз сөзінде ешқандай кінәсі жоқ екенін айтып, судьядан ақтауын сұрады.
Бүгін аса ірі көлемде пара беруге оқталды деп айыпталған Шымкент қаласы әкімінің экс-орынбасары Мақсұт Исаховқа қатысты соттағы жарыссөз аяқталды. Өзінің кінәсіз екенін айтқан ол судьядан ақтауды сұрады. Айтуынша тергеу кезінде Қылмыстық Кодекстің 362 бабы бойынша ешқандай айғақ таппағандықтан, іс бірнеше рет қысқартылған. Сондықтан ол өзіне қарсы дәлелді қолдан жасамақ болған деп санайды.
«Менің №40 іске қатысты ешқандай кінәм жоқ. Ол тергеу кезінде де анықталды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті №40 істі бастағанда мені жауап алуға шақырған жоқ. Мен ол кезде үстімнен қылмыстық істің ашылғанын білген де жоқпын. Менің жұмысымнан олқылық таппағандықтан, өздерінің ойына алған ісін аяқтау үшін, яғни мені жауапқа тарту үшін ары қарай жұмыстарын жалғастырған. Мені арандатпақшы болған. Оған дәлел 23-і күні іс ашылған болса, 26-сі күні менімен Сарбасов кездескенде ешқандай жазба құралдарынсыз келген. Ол кезде менің үстімнен іс қозғалып жатқаны жайында айтып, бірнеше рет қорқытты. Ал кейін кездескенде жасырын жазба құралымен келген. Ал айғақ видео, аудионы іс қозғалғаннан кейін алған», — дейді күдікті Мақсұт Исахов.
Сонымен қатар Исахов алғашқы тергеу кезінде погондылар тағылған кінәні мойындасаң 15 жылдың орнына 5 жыл ғана жаза береміз деп уәде еткенін айтты. Сондай-ақ, ол өз сөзінде Сарбасовпен кездесу ұйымдастырған азаматтардың куәлігінде сөздері бір-бірімен сәйкес келмейтінін алға тартты. Сөзінше бұл өзіне қатысты қылмыстық іс қолдан ұйымдастырылғанының дәлелі деп санайды.
«Мадияр Бақытжанмен Дендросаябақта кездейсоқ кездесіп қалдық дейді. Ал Бақытжан Мадиярмен алдын ала келістік кездесуді дейді. Демек өтірікті құрастырғанда осындай қателер кетеді. Ал осы кезде бізге қысым көрсете бергеннен кейін інім Диханға ақшаны 18-і күні алдым деп айта сал дедім. Өйткені бауырымның менімен бірге сотта отырғанын қаламадым. Бірақ 200 мың долларды қалай 1 күн бойы машина артында алып жүре беруге болады. Кез келген адам көп соманы жоғалтып аламын деп ойлайды ғой. Ал ол ақшаны қалай дүкеншіге тапсыра салуға болады. Маған Сарбасов қысым көрсете берген соң, ақшаның орнына шәй сынды сыйлық заттарды салып жібергенмін. Ал ол жерден ақшаның қалай табылғанын түсінбеймін. Ал айғақ ақшаны тәркілеуге келген мамандар видеоны тек дүкенге кіргенде ғана түсіріп бастаған. Ал ақшаны бірнеше күн өткен соң барып санаған. Бұл жерде де күмән бар. Ал ақшада менің ешқандай саусақ белгім жоқ. Мен 200 мың долларды алып беретін болсам, онда міндетті түрде саусақ ізі қалу керек еді», — дейді күдікті Мақсұт Исахов.
Ал Мақсұт Исаховтың заңгері кеше мемлекеттік айыптаушының өз қорғалушысына таққан айыбы негізсіз деп санайды. Айтуынша айыптаушы тарап сот процесінде куәлігі тыңдалмаған тұлғалардың сөзін негізге алған.
«Прокурор Исаховтің кінәсін растау үшін оның көлік жүргізушісі мен БИК-тің әкімшісінің сөзін алған. Алайда ол бастапқы актіге тіркелмеген. Ал сот барысында сөзі тыңдалмады. Сондықтан бұл заңға қайшы деп білемін. Сонымен қатар прокурор әкімдікке жеке шешім шығаруды сұрады. Олай болатын болса, Қылмыстық-процестік кодексі нормаларын елеулі түрде бұзғаны үшін ҰҚК, ҰҚК-нің Шымкент қалалық департаментіне, Бас прокуратураға жеке шешім шығару керек. Қорғалушым жіберген 9 өтінішке қатысты нақты теріске шығару болмауына байланысты, құрметті сот, сот алды тергеу органдары, сарапшы мамандарға айғақ заттарды зерделеу кезінде өрескел қате жібергені үшін жеке шешім шығаруыңызды сұраймын», — дейді М.Исаховтың заңгері Жәния Бодау.
Айта кетейік, аса ірі көлемде пара беруге оқталды деп айыпталған Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот үкімі алдағы дүйсенбі күні жарияланады деп күтілуде.