Мектеп директоры, орынбасары және бас бухгалтерге үкім шықты

566

(Фото: istockphoto.com)

Шымкентте №44 жалпы орта мектептің басшысы мен оның орынбасарына және бухгалтерге сот үкімі шықты.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен сот отырысында білім мекемесінің лауазымды қызметкерлеріне педагогтердің еңбегіне ақы төлеу қорына бөлінген 48 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды.

Қалалық антикор хабарлауынша, сот процесі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында қалалық мектеп директорлары мен бухгалтерлерінің қатысуымен өткен. Оның 50-і сот отырысына оффлайн, қалған 650-ден астамы онлайн қатысқан.

Сот үкімімен белгіленген нормативтен тыс жалақыны заңсыз аударғаны, сондай-ақ «өлі жандарға» жүйелі төлемдер үшін директор орынбасары мен бухгалтерге 7 және 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Білім мекемесінің директорына жұмысына салғырт қарағаны үшін 6,9 млн теңге айыппұл салынды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.