«Ордабасы» футбол клубына жаңа басшы келді

116

Шымкенттік «Ордабасы» футбол клубына жаңа басшы келді. Клуб президентін футболшылар мен жанкүйерлерге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков таныстырды.

Асхат Сейсембек бұған дейін Туризм және спорт индустриясын қолдау қорының бас директоры, ҚР Жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы қызметтерін атқарған.

«Асхат Рашидұлы 3 маусымнан бастап «Ордабасы» футбол клубының президенті қызметіне кіріседі»,-делінген клубтың баспасөз қызметінің мәліметінде.

Кездесу барысында клубтың алдағы жоспарлары мен міндеттері талқыланды. Команданың басты мақсаты – Қазақстан чемпионы атағын қорғау, сонымен қатар іріктеу ойындарында жақсы өнер көрсетіп, УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу. Сондай-ақ кездесуде жанкүйерлер жаңа стадион салу тақырыбын қозғады.

Спорт аренасының құрылысын жақын арада «Бозарық» шағын ауданында бастау жоспарлануда. Жаңа нысан пайдалануға берілгеннен кейін «Қажымұқан» стадионын қайта құру жұмыстары басталады. Ал Бадам (Михайловское) су қоймасы ауданында екі алаңдық — табиғи және жасанды жабыны бар футбол клубы үшін жаттығу базасын салу көзделіп отыр.

(Фото: «Ордабасы ФК баспасөз қызметі)