Шығынға батқан кәсіпкерлер жарық тарифін төмендетуді сұрайды

30

 

1 сәуірден бастап өңірлік табиғи монополияларды реттеу департаменттері тарапынан реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы компанияларға берілген лицензиялар тоқтатылды. Осыған байланысты жергілікті кәсіпкерлер жағдайдың бизнеске кері әсер етіп жатқанын айтып шағымдануда. Бұрын электр қуатына 23-25 теңге аралығында төлейтін бизнес өкілдері үшін баға сәуір айынан бастап қосымша құн салығын қосқанда 47 теңге 29 тиынға көтерілген. 

Шымкенттік кәсіпкерлер электр энергиясы тарифінің көтерілуіне наразы. Бұған дейін сағатына 1 киловат электр қуатына 23-25 теңге төлеп келген бизнес иелері шығынға баттық деп отыр. Өйткені, сәуір айының басында «Энергопоток» ЖШС-нің монополияға қарсы орган бекіткен тарифі 1 кВт/сағ электр қуатына қосымша құн салығын қосқанда 47 теңге 29 тиынға шыққан. Енді кәсіпкерлердің электр энергиясына төлейтін сомасы үш есеге қымбаттап отыр.

«400 мың төлеп жүрген едім, қазір 1 млн. 200 мың келіп тұр. Бүгін келді. Төлемесең өшіреміз деген тағы хабарлама келді», — дейді кәсіпкер Қайрат Стамбеков.

«50 зауыт, 1 емес, 2 емес 50 зауыт. 2,5 МВт 23 теңгеден және 47 теңгеден, қанша болады? Біз не істейміз? Кім жауап береді? Акимат айта алмайды, олар антимонополия дейді. Антимонополия бәрі заңды жоғары жақтан келді дейді, «Энергопоток» ештеңе істей алмаймыз дейді. Бізге нақты жауап керек», — дейді Қуат Аманжолов.

Кәсіпкерлердің шағымын тыңдаған қалалық табиғи монополияларды реттеу департаментінің өкілі бұл мәселенің уақытша екендігін жеткізді.

Берік Ізбасаров, Табиғи монополияларды реттеу департаментінің бөлім басшысы
«Бұл уақытша нәрсе деп білеміз. Өйткені қазір ережелер әзірленіп жатыр. Қазір өзіміз де шешімін күтудеміз».

«Энергопоток» ЖШС-нің өкілі сәуір айына келген 47,29 теңгеден есептелген шотты кәсіпкерлер төлеуге міндетті екенін, ал мамыр айынан бастап тариф бағасы қайта қаралатынын жеткізді.

Георгий Ли, «Энергопоток» ЖШС орталық өтім қызметінің жетекшісі: «Біз басқа энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жеткізе алмаған жағдайда электр энергиясын жеткізуге міндеттіміз. Өйткені басқа жеткізуші жоқ. Сіздер сәуір айына электр энергиясын қолдандыңыздар. Сіздер тауарды алдыңыздар. Енді сәйкесінше ақысын төлеу қажет. Энергия тұтынған күннен бастап келісімшарт бекітілді деп есептеледі. Сол себептен шот келіп тұр. Ал сәуір айы 47,29 тарифімен бекітілген. Тариф өзгеруге жатпайды, сондықтан келген шотты төлеу қажет».

Қазір мамыр айына бекітліген тариф сомасы 41,45 теңгені құрап отыр. Дегенмен, кәсіпкерлер мұның да қымбат екенін, бағаны қайта қарауды сұрайды. Әйтпесе, амалдың жоқтығынан 50-ден астам кәсіпорын жабылуға мәжбүр боламыз дейді, жиналғандар.