«Zhas project» жобасының жеңімпаздарына 1 млн. теңге көлеміндегі грант берілді

42

Шымкентте мәдениет және ақпарат министрлігінің қаржылық қолдауымен «Zhas Project» жобасының жеңімпаздары анықталды. Әлеуметтік маңызды 20 жоба авторы шағын грант иегері атанып, 1 млн. теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.

«Zhas Project» жобасында жеңімпаз атанғандардың бірі — Мөлдір Жарылқап. Ол ерекше балалардың дамуына үлес қосатын, әлеуметтік жобаның авторы. 30 жастағы тұрғын «Үстел үсті ағаш қуыршақ театры» идеясы үшін бір миллион теңге көлеміндегі грантты ұтып алды.

Мөлдір Жарылқап, «Zhas Project» жобасының жеңімпазы: «Ерекше балалардың дамуына үлес қосқым келді. Сондықтан мен ағаштан жасалған, дамуға арналған ойыншықтар, яғни ертегілер әлемі туралы жоба ұсындым. Осылайша балалардың ұлттық фольклорды білуіне, бір жағынан олардың дамуына үлес қосқым келген. Енді бұл жобаны әрі қарай балалардың қолданысына бергім келеді»

«Zhas Project» жобасының негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік жобаларға қатысу арқылы NEET жастарын қоғамға қайта қосу. Конкурсқа қатысу үшін ұсынылатын әлеуметтік жобалар жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс.

Диана Қырғызбаева, «Қорған-М» ҚБ төрайымы: «Конкурсқа қатысу үшін 300-ден астам өтінім келіп түсті. Нәтижесінде Шымкенттегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, идеясы қызықты және маңызды деген 20 жоба жеңімпазы таңдалды. Жеңімпаздар грантты ақшалай алмайды, олар құжаттамада көрсетілген қажетті құрал-жабдықтарды алады»

Айта кетсек, «Zhas Project» жобасы жыл басында еліміздің 20 өңірінде басталған еді. Жауаптылар сайысқа қатысушылардың тәжірибе жинап қана қоймай, ел дамуына да үлес қосатынын айтады.