13 жыл бұрын кісі өлтірді деген күдікті қолға түсті

40
Фото: ТО ПД баспасөз қызметі

Осыдан 13 жыл бұрын кісі өлтірді деген күдікпен ер адам қамауға алынды. Түркістан облысының полицейлері 46 жастағы күдіктіні Шымкент қаласында қолға түсірген. Ресми дерек бойынша, ол 2011 жылы Жетісай қаласының тұрғынына қарақшылық шабуыл жасап, оны өлтіріп, кейіннен қалтасындағы 5 мың АҚШ долларын алып, қашып кеткен. Белгілі болғандай марқұм валюта айырбастаумен айналысқан. Полицейлер құрықталған күдіктінің бұрын сотты болғанын айтты.

Ердәулет Амантаев, Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбарасы: «Сол кезде осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Және полиция базар маңынан күдіктінің мотоциклін тауып, заттай дәлелдемелерді тәркілеген. Полиция 13 жыл бойы жедел-іздестіру іс-шараларын тоқтатпай жүргізіп, күдіктіні анықтап, ұстады. Күдікті бұл әрекетін толық мойындады. Қылмыстық істің жинақталған материалдары заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды»