Шенеунік өзіне қатысты іс қозғалғаннан кейін жүрегі тоқтап, қайтыс болды

214

Түркістан облысында пара алды деген күдікке ілінген шенеунік тергеу басталмай жатып жүрегі тоқтап, қайтыс болды. Аудандық әкім аппаратының басшысы өзіне қатысты іс қозғалғаннан кейін көп ұзамай жағдайы нашарлаған. Өңірде сонымен қатар тағы 3 шенеунікке қатысты сот үкімі шықты. Облыстық цифрландыру басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы бірнеше рет пара алғаны үшін сотталды. Ал басқарманың бөлім басшысы пара беруге және алаяқтық жасауға итермелегені үшін кінәлі деп танылды. 

Түркістан облысында пара алды деп айыпталған бірнеше шендіге қатысты сот үкімі шықты. Айта кетерлігі, олардың бірі әрекеті әшкере болған тұста-ақ өзін нашар сезініп, жағдайы қиындаған. Нақтылай кетсек, Отырар ауданы әкімі аппаратының экс-басшысы мемлекеттік сатып алу шарттарын түзіп, орындалған қызметтер бойынша бақылауды жүзеге асыратынын ескертіп, жалпы қамқорлығы үшін бірнеше рет пара алған. Ресми ақпарат бойынша 2023 жылы кәсіпкерден 10 000 000 теңге сомасында пара алған ол, жедел уәкіл қызметкерлерімен құрықталған. Алайда, шенеунік өзіне қатысты іс қозғалғаннан кейін көп ұзамай жүрегі тоқтап, қайтыс болған.

«Түркістан облысының Отырар ауданы бойынша жалпы 21 конкурс жарияланып, Отырар аудан әкім аппаратының басшысы М. сатып алу бойынша конкурстан жеңімпаз ретінде И.-ға тиесілі ЖШС-лерін тануға, жалпы қамқорлығы үшін соңғыдан 5 000 000 теңге пара сомасын алған. Мемлекеттік айыптаушы үш азаматты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және М. қайтыс болуына байланысты кінәлі деп танып, оған қатысты қылмыстық істі тоқтатуды сұрады«, — делінген Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Түркістан облысы Цифрландыру басқармасы басшысы орынбасарының м.а-ға қатысты да сот үкімі шықты. Ол ҚР ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен бірнеше рет пара алу дерегі бойынша айыпталған еді. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты жоғарыда аталған шендіге, сол басқарманың бөлім басшысына және пара берді деген кәсіпкерге қатысты үкім шығарды.

Данияр Бигайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі: «2022 жылдың тамызынан 2023 жылдың шілдесіне дейінгі кезеңде мемлекеттік органдарды ақпараттандыру және цифрландыру жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын жасасқаны, олар бойынша атқарылған жұмыстардың актісіне қол қою үшін жалпы сомасы 14,6 млн теңгені құрайтын бірнеше рет пара алғаны және бергені үшін, сонымен қатар Жолсейітов бұдан басқа — пара беруге және алаяқтық жасауға итермелегені үшін кінәлі деп танылды. Ол Төлеби ауданының Цифрландыру бөлімінің басшысы лауазымына ауысқаннан кейін осындай әрекеттерді орындағаны үшін жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға беру сылтауымен Исаковтың 903 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен иемденгені анықталды«.

Сот Мырзасейітовке — 8 жыл, Исаковқа — 7 жыл, Жолсейітовке — 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады. Олар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылды. Сонымен қатар, сот Отырар ауданы әкімі аппаратының экс-басшысының өліміне байланысты оған қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты. Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.