Жеке сот орындаушы жарты миллионнан астам теңгені иемденіп, жаратып жіберген

234

(Фото: istockphoto.com)

Шымкентте жеке сот орындаушы талапкерге берілуі тиіс ақшаны өз шотына аударып отырған.  Әл-Фараби ауданының прокуратурасы берешекті өтеуге арналған 556 953 теңгені иемдену фактісі бойынша оның үстінен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Әл-Фараби ауданы сотының шешімімен борышкер талапкерге 1 275 000 теңге төлеуге міндетті болған. Белгіленген қаражат борышкердің айлық жалақысынан ай сайын өндіріліп, жеке сот орындаушысының есеп шотына аударылып отырған. Ол бұл қаражатты өз қажеттілігіне жаратқан.

«Қылмыстық кодекстің 251-бабының 1-бөлігімен (Жекеше нотариустардың, бағалаушылардың, жеке сот орындаушыларының, медиаторлардың және аудиторлық ұйым құрамында жұмыс iстейтiн аудиторлардың өкiлеттiктердi терiс пайдалануы) басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды»,-делінген қалалық прокуратура.

Айта кетсек, аталған жеке сот орындаушы республикалық жеке сот орындаушылар палатасының мүшелігінен шығарылды.