1 ғана ауруханада 100-ге жуық адамға жасанды буын салынды

112
фото қалалық №1 клиникалық ауруханасы

Шымкентте жыл басынан бері 100-ге жуық адам буын алмастыру отасын жасатты. Хирургиялық ем шарасын қалалық №1 клиникалық ауруханасының дәрігерлері өткізді. Ал емдеу міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында теген жүргізілген.

Науқастар қол-аяғы қимылсыз қалып, жамбас сүйегі зақымдануымен ақ халаттыларға жүгінген. Олар ауруханада жасанды буын салдырып, қалыпты өмірге оралды. Қазір олар емін-еркін жүріп-тұру мүмкіндігіне ие болды.

Жоғары технологиялы медициналық көмектің нәтижесінде аяққа тұрған науқастардың бірі 76 жастағы Нұрбибі Сүйрімбетова. Бүкіл сан сүйегі мен тізе буыны зақымдалған зейнеткер «гонартроз» ауруына шалдыққан. Буын алмастыру отасын қалалық №1 клиникалық ауруханасы ортохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұржан Естемесов бастаған Бахытжан Қарымбаев және Ерболат Абдрахманов есімді білікті дәрігерлер құрамы жасайды. Пациент қазіргі таңда ақ желеңділердің бақылауында. Алдағы уақытта қосымша медициналық оңалту шараларын қабылдайды.

фото қалалық №1 клиникалық ауруханасы

«Операция медициналық сақтандыру бойынша тегін жасалды. Оны әрине ақылы жасатуға кез-келгеннің қалтасы көтере бермейді. Алтын қолды дәрігерлердің қамқорлығына ерекше алғысымды білдіремін. Операция сәтімен өтті. Қиындығын жеңемін деп ойлаймын. Аяғымды аздап баса бастадым», — дейді Нұрбибі Сүйрімбетова.

Ауырған буынның орнына жасанды имплант салынатын күрделі отаның құны 1,5 миллион теңгеден жоғары тұрады. Дәрігерлердің айтуынша, жасанды буын ұзақ жылдар бойы қызмет етеді. Соныменқатар, оның адамның өз буынынан еш айырмашылығы болмайды.

«Біздің ауруханамызда қолданылатын эндопротездер АҚШ-та шығарылатын медициналық өнімдер. Сапасы өте жақсы. Буын алмастыру отасы бірінші кезекте ауруды тоқтату немесе азайту үшін жасалады. Екіншіден, науқас реабилитациялық кезең өткеннен кейін, яғни 2-6 айдан кейін қосымша тірек құралдарынсыз балдақ ұстамай өз аяғымен бұрынғы өміріне қайта оралуына көмектеседі», — дейді ортохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұржан Естемесов.

Буынды алмастыру отасы жамбас буынының артрозы (коксартроз), жамбас мойнының сынуы, сан сүйегі басының асептикалық некрозы сияқты диагноз қойылған кезде қажет етіледі. Дәрігерлер мұндай аурулардың жастар арасында да жиі кездесіп жатқанын айтуда. Былтыр аталмыш бөлімде 133 науқасқа буын алмастыру отасы жасалған.