«Акбар» базарында 6 бірдей бутик өртенді

1

Шымкенттегі «Акбар» базарында 6 бірдей сауда бутигі өртеніп кетті. Сондай ақ, 2 автокөлік жартылай жанған. Түнгі 02:35-те басталған қызыл жалын таңғы 5 шамасында ғана толық сөндірілді. Абырой болғанда зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ.

Асқар Шәріп, Шымкент қаласы ТЖД ресми өкілі: «Акбар» базарының ауласында жалпы ауданы 400 шаршы метрді құрайтын 6 бутик және Mercedes спринтер автокөліктерінің артқы бөліктері жанған. Өрт сағат 04:14-те оқшауланып, 05:17-де толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Алдын ала болжам бойынша өрт электр қондырғыларының қысқа тұйықталуынан шығып отыр. Өртті ауыздықтауға департамент тарапынан 93 жеке құрам, 29 түрлі мақсаттағы техника, жедел құтқару жасағынан 4 қызметкер және 1 техника тартылды»

Қазіргі таңда базар жабық тұр. Оқиғаға қатысты сауда орталығының басшылары қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Ал келтірілген залал мөлшері анықталып жатыр. Тауары күлге айналған саудагерлерге қандай көмек көрсетілетіні де әзірге белгісіз.